ҚДБ қолдауымен 1268 ауыл интернетке қосылды
Қазақстан Даму Банкінің қолдауымен елде 1268 ауыл мен ондағы 3727 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылды.
Президент жариялаған Цифрландыру жылы аясында шалғайдағы елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту міндеті тұр. Ауқымды бастама жалғасын тауып, ауылдар кезең-кезеңмен желіге қосылып жатыр. Қазақстанның Даму Банкі келесі кезеңін қаржыландыруды қарастырып жатыр.
Елді мекендерді кеңжолақты интернетпен қамту жобасы 7 жыл бұрын басталды. Ауқымды бағдарламаның алғашқы кезеңінде 20 мың шақырымнан асатын желі тартылды. Қазақстанның Даму Банкі жобаны 40 миллиард теңге қаржыландырды.
Жансұлу Әлназарова, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ банкирі:
- Бұл жобаның екінші кезеңін қаржыландыруға өтінім қазір біздің қарауымызда. Бұл Президент жариялаған цифрландыру жылы аясында аса өзекті. Мұндай бастамаларды қолдау банктың стратегиялық және әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мақсатына толық сәйкес келеді.
Жобаның екінші кезеңінде еліміздегі 3 мыңнан астам ауыл тұрғындары интернетпен қамтылады.
Серікболсын Нахыпбеков, «Қазақтелеком» АҚ қызметкері:
- Жобаның негізгі – мақсаты қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жою. 1 миллионнан астам тұрғынды жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу.
Интернетке қосылғандар қатарында Жамбыл облысындағы Аққия ауылының тұрғындары да бар. Қазір мұндағы тұрғындар мен ұстаздар ғаламтор игілігін көріп отыр.
Сандуғаш Берметова, Аққия бастауыш мектебінің меңгерушісі:
- Интернетке қол жетімді. Сабағымызда пайдаланамыз. Қазір бізде күнделік платформасы бар. Журнал сол күнделік арқылы толтырылады. Сонымен қатар балаларымызда цифрлық сауаттылық сабағы өтіледі. Қазіргі ақпараттық нәрселердің барлығын сол арқылы біліп отырады.
Шыңғыс Шегенов, Аққия ауылының тұрғыны:
- Бұның алдында басқа телефоннан мобильді интернет болды. Енді ол тартпай жүрді. Өзіміздің кабельді интернет қостық. Жақсы болып қалды. Бала шағамыз да пайдаланады. Өзімнің келіншегім мұғалім. Оған да күнделікті сабағына керек.
Цифрландыру жылында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 35 мың шақырымнан астам байланыс желісі тартылады.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә