Қызылордада жаңа жылу электр орталығы электр энергиясын өндіре бастады

Мамандардың айтуынша, станция бір ай ішінде толық қуатта жұмыс істейді. Жаңа нысан өңірдің энергетикалық әлеуетін қаншалықты нығайтады? 

Қызылордадағы жаңа жылу электр орталығының құрылысы 2022 жылы басталған. Қазір іске қосылып, сынақтан өтіп жатыр. Нысанда екі газ турбиналы қондырғы бар. Жақын арада тағы бір бу турбинасымен жабдықталады.

Камал Мадатов, кәсіпорын директорының көмекшісі:

- Шамамен бір айдың кезінде толықтай жұмыстарды бітіруге жоспарымыз бар. Ол тағы қосымша 95 мегаватт генераторды іске қосамыз. Сонымен жұмыстар проект бойынша бізде аяқталады. Бу-газ турбинасын іске қосу жұмыстары жүріп жатыр іште. Қазіргі таңда шамамен бір 400-дей адам жұмыс жасап жатыр.

Жылу электр орталығы шетелдік инвестиция есебінен салынды. Жоба құны – 215 миллиард теңге. Станция толық іске қосылғанда 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Бұл қаланың ішкі сұранысын толық өтеп, артық энергияны көрші өңірлерге да тарата алады. 

Тахир Нәдірбек, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары: 

- Біздің қаламыз 176 мегаватт осы станциядан, 176 мегаватт электроэнергиясын алып жатыр. Сонымен қатар қуаттылығы 45 мегаваттты құрайтын төрт жылу қазандығы жұмыс істейді. Яғни осы өткен жылу беру маусымының соңғы он күндігін осы жаңа жылу-электр орталығы арқылы біз жылумен қамтамасыз еттік. Яғни алдағы жылу беру маусымын, яғни осы жаңа жылу-электр орталығымен толығымен жұмыс істейтін боламыз.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Айта кетейік, өңірде жылу желілерінің 40 пайызы тозып тұр. Биыл облыс орталығында жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасады. Бұл мақсатқа қазынадан 8 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Жоспар бойынша 4,6 шақырым магистральды желі жаңарып, 20-дан астам автономды қазандық жөндеуден өтеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев