YаYа платформасы төңірегіндегі дау басылмай тұр
YaYa платформасы төңірегіндегі дау әлі күнге дейін басылмай тұр. Екі ай бұрын жабылған жобаның бұрынғы клиенттері ақшасын қайтара алмай әлек болып жүр.
Ашынған ата-аналар компания қарызын қайтармаса, сотқа арызданбақ. Наразы топ өкілдерінің көбі балаларды дамыту орталықтарына бір жылдық абонементтерді несиеге алған. Бірақ компания қызметі тоқтағалы секциялар да, сабақ та жоқ. Ал ай сайынғы төлемдер жалғасым жатыр.
2024 жылы YaYa платформасы 2 млн долларға абонемент сатқан. Бұл туралы Астана хабқа берген сұхбатында компания басшысы Лаура Ералиева айтып өтті. Бірақ бір жылда жағдай түбегейлі өзгерді. Халықаралық деңгейде миллиондарға бағаланған стартап құрдымға кетті. Биыл ақпан айында компания жабылды. Ал осы қосымша арқылы балаларына абонемент сатып алған жүздеген ата-ана сан соғып қалды.
Гүлнәр Жанайдарова, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен 4 балама стартап YaYa-дан абонемент алғанмын. Әр абонементтің бағасы бір жылға 425 мың. Барлық қаржы 1 млн 700 мың теңге болған. 2025 жылдың тамыз айынан проблемалардың барлығы басталды. Бірақ барған орталықтар да бізге қатты қуанбады. Себебі олар: «Бізге YаYа төлемейді, бірақ сіздерді қабылдаймыз, төлейді деп үміттенеміз» дейтін. Менің есебім бойынша сенде 5 ай қалған. Қолданылмай қалған, абонементтен сол 5 айға 700 мың теңге олар маған қарыз. Біз адвокат арқылы сот кабинетінен соттасамыз деп шешетік.
Алматыда да дәл осындай жағдай. Стартапқа сеніп, баласына бір жылдық абонементті сатып алған аналар тобы енді қаражатын қайтара алмай әлек. Мәселен, Альмира Байгазина былтыр қарашада баласын бірінші сыныпқа даярлық тобына беру үшін абонемент сатып алған. Бірақ бір жылдық пакеттің тек 3 айын пайдаланып үлгерген.
Альмира Байгазина, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біз Ya Ya компаниядан бір жылдық абонемент банктен бөліп төлеуге алдық. Сол төлемді әлі күнге дейін төлеп жатырмыз. Бізге YaYa компаниясы әлі ешқандай ақшаны қайтарған жоқ. Мен абонементті 360 мыңға, бірақ сол ақшаны қайтармай жатыр. 3 ай бардық. 270 мың қайтару керек негізі. Бәріміз жиналып әріптестермен өтініш бердік. Жеке де өтініш бердік. Бірақ олардың бәрі орнында тұр. YaYa компаниясы медиаторлар, менеджерлар хабарласып, бізге 360 мыңнан тек қана 100 мың қайтарамыз деді.
Ата-аналардан бөлек, осы стартаппен жұмыс істеген орталықтардың да айтар арызы бар. Мәселен, Астанада YaYa компаниясымен алғашқылардың бірі болып келісімшарт жасасқан кәсіпкер Лаура Туниязова. Ол балаларды дамыту орталығының директоры. Кәсіпкердің сөзінше бастапқыда платформа тарапынан көрсетілген қызметтерге төлем уақытылы түсіп тұрған. Бірақ 2025 жылдың жазында жағдай өзгерді. YaYa компаниясы өткізілген сабақтар үшін ақша төлеуді тоқтатқан.
Лаура Туниязова, Балаларды дамыту орталығының директоры:
- Біз YaYa платформасымен 2024 жылдың күзінен бастап жұмыс істейміз. Біріншіден, 9 ай бойынша ақша түсті. Ал 2025 жылы жаздан бастап ақша түспей қалды. YaYa бізге төлемей жүр. Олар байланысқа шықпады, жауап бермейді, ақша төлемейді. YaYa компаниясы бізге 700 мың теңге қарыз.
Ата-аналардың айтуынша, компания қызметінде алаяқтық белгілері байқалады. Ұжымдық арызға қатысты іспен айналысып жатқан адвокат та бұл пікірді растап отыр. Адвокаттың айтуынша, 52 адамның ортақ алашағы 8 миллион теңгеге жуықтайды. Бірақ YaYa платформасы ол ақшаның белгілі бір бөлігін ғана қайтаруды ұсынып, келісімге шақырып отыр.
Лилия Носаева, адвокат:
- Компания өкілдері мұны кассалық алшақтықпен, бизнес-жоспардың дұрыс құрылмауымен түсіндіреді, бірақ бұл - олардың өз мәселесі. Ең бастысы олар қиындықтардың басталғанын көріп, келісімшарт жасалған орталықтардың төлем болмағандықтан қызмет көрсетпей жатқанын біле тұра, бәрібір ақша қабылдауды жалғастырған. Меніңше, дәл осы жағдай алаяқтық белгісін көрсетеді. Иә, кез келген процесте қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ олар проблеманың басталғанын түсіне тұра, клиенттерден ақша алуды тоқтатпаған. Маған осы жағдайға қатысты 100-ден астам адам жүгінді, бірақ бұл істі толық әрі тиімді жүргізу үшін тобыма тек 52 адамды ғана алдым. Біз олармен жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз. Зардап шеккендердің басым бөлігі екі қалада - Астана мен Алматыда.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біз YaYa компаниясына хабарластық. Цифрлық стартап өкілдері бұл жағдайға қатысты жазбаша жауап берді.
YаYа компаниясының түсіндірмесі:
- 2026 жылғы 9 ақпанда компанияның жабылатыны туралы ресми мәлімдемеден кейін қаражатты қайтару процесі кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні 2 057 клиентке толық төлем жасалды - бұл қайтарым сұрағандардың жартысынан астамы. Тағы 434 клиент бойынша қаражатты қайтару жұмыстары жалғасуда: олармен келісімдер жасалып, алғашқы транштар төленді. Қалған барлық төлемдерді бір жарым ай ішінде толық аяқтау жоспарланып отыр. Процесс медиаторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда.
Астанада ата-аналардың арызынан кейін YaYa компаниясы төңірегіндегі дауға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Зухра Рысқалиева, Астана қ. ПД ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы:
- Ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі бойынша Астана қаласы Нұра ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша 130-дан астам жәбірленуші анықталды. Полиция азаматтарды білім беру қызметтерін таңдауда мұқият болуға шақырады.
Сәтсіз стартаптан шыққан дау қалай шешілері енді уақыт еншісінде. Оған дейін тергеу, жауап алу, сұраққа тарту сынды тізбек жалғаса бермек. Ал секциялардан құр қалған мыңдаған баланың бос уақыты тағы да зая кетеді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Өрден Жарқын, Мерей Талап