«Самұрық-Қазына» Семейде жаңа ЖЭО салады

Семейде жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталды.

Осыған орай «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов өңірге арнайы жұмыс сапарымен барып, аталған нысанның құрылысымен танысты. Бұл жоба шамамен 320 мың тұрғыны бар Семей қаласын жылумен түгел қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күнге дейін Семей қаласында орталықтандырылған негізгі жылу көзі болмаған. Әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына 193 гектар жер телімі бөлінген. Сонымен қатар күл-қоқыс сақтау алаңына 320 гектар аумақ қарастырылған.

Қор басшысы ең алдымен салынып жатқан жылу электр орталығының құрылыс алаңын аралады. Жоспарға сәйкес, ЖЭО-3 нысанының электр қуаты 405 мегаватт, ал жылу қуаты сағатына 1000 гигакалорияны құрайды. Аталған көрсеткіш қала қажеттілігін түгел қамтып, өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

- Бүгін Семей қаласына іс-сапар барысында Семей ЖЭО-ның құрылыс жұмыстарын тексердім. Жалпы қуаттылығы 405 МГВат жылу қуатылығы 1000 ГК 2029 жылға дейін салатын боламыз. Құрылыс жұмыстары басталды.

Жаңа жылу электр орталығының құрылысына 2,5 мыңнан астам адам тартылады. Нысан қолданысқа берілген кезде 500-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасады. Қор басшысы жылу электр орталығын 2029 жылы іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Қанат Қанафин, «Семей Энерго» ЖШС бас директоры:

- Жобаға қажетті барлық техникалық шарттар мен қосылу сызбалары дайын. Құрылыс осы жобаға жасалған алдын ала есепке сүйеніп басталды. Жылу электр орталығына көмірмен жұмыс істейтін, тиімділігі дәлелденген Қытайда жасалған жабдықтар әкелу жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, жаңа ЖЭО іске қосылғаннан кейін өңірдегі экологиялық ахуал да жақсара түспек. Жоба аясында «таза көмір» технологияларын енгізу және заманауи газ тазарту жүйелерін пайдалану көзделген. Бұл қолданыстағы көмірмен жұмыс істейтін энергия көздерімен салыстырғанда зиянды шығарындыларды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Мәди Базарбеков