Елордада инватакси тапшы
Елордада инватакси тапшы. Қалада 2,5 мың адамға небәрі 134 көлік қызмет көрсетеді.
Тұрғындар гидравликалық көтергіші бар арнайы көліктің аздығына шағымданып отыр. Салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр.
Қала тұрғыны Әсел Ибраева ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. Ұлы үнемі оңалтудан өтіп, медициналық мекемелерге жиі барады. Сәйкесінше, инватакси қызметіне жүгінеді. Тек мамандандырылған көлікке тапсырыс беру «қиямет қайым», - дейді.
Әсел Ибраева, қала тұрғыны:
- Диспетчерге қоңырау шалу өте қиын. Бізде бірнеше нөмір бар. Менің өзім бір күнде 500 рет жеке қоңырау шалған кездерім болды. Арнайы көліктің жетіспейтінін осыдан-ақ байқауға болады.
Елордада осы инватакси қызметін көрсететін төрт тасымалдаушы бар. Олардың тек екеуі ғана арнайы көтергішпен жабдықталған. Яғни қала бойынша ұзын-ырғасы 26 осындай көлік бар. Сондықтан жауапты такси қызметі өтінімдерді жарты күн ғана қабылдайды.
Зульфия Жармағамбетова, инватакси жеткізушісі:
- Өтінімдерді біз апта сайын сағат 09:00-ден бастап қабылдаймыз. Ата-аналар келесі күні бір күн бұрын хабарласып, өтініш беруі тиіс. Бізге 18 жасқа дейінгі 100-ге жуық арбада отырған бала хабарласады. 8 көлігімізбен біз 40-50 бала тасымалдай аламыз.
Әзірге инватакси қызметін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жергілікті атқарушы органдар ұсынады. Биыл оны әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру жоспарланып отыр. Бұл тұрғындарға жеткізушіні өз бетінше таңдауға және диспетчердің қатысуынсыз сапарды рәсімдеуге мүмкіндік бермек.
Айнұр Әубәкірова, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:
- Әлеуметтік қызметтер порталында үкіметтік емес сектордың да, жеке ұйымдардың да қызмет көрсетушілері тіркеле алады. Ал бұл инватаксиге жүгінетін жандар күнбе күн тапсырыс бере алады. Сондай-ақ әлеуетті жеткізушілердің саны көбейеді.
Айта кетейік, Астана мен Алматыда инватакси қызметтерін ұсыну сапасы мен жылдамдығын арттыру үшін такси қызметтерін тарта отырып, пилоттық жоба іске асырылады. Көтергіштері бар арнайы көлікке мұқтаж емес азаматтар қосымша арқылы жеңіл автокөліктерге тапсырыс бере алады.
Авторлары: Айнур Қуатқызы, Арайлым Шынымбек, Абдулхамит Бөлекбаев