«Үміт кубогы» - жеңіске бастар жол
Елдегі балаларды қолдау орталықтары мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында «Үміт кубогы» турнирі жалауын көтермек.
«Halyk Bank» пен баскетбол федерациясы ұйымдастыратын «Халық лигасы» биыл да дарынды жастарды анықтайды. Бұл – жеткіншектерді спортқа баулып, әлеуметтік бейімдеуге бағытталған бірегей бастама.
15 жастағы Ерсұлтан Қыпшақбаевтың баскетболды серік еткеніне үш жыл болды. Алғашында бос уақытын тиімді өткізу үшін келген ол, бүгінде «Атамекен» балалар ауылы құрамасының негізгі ойыншысына айналды. Жеткіншек спорттағы алғашқы қадамдары қиын болғанын жасырмайды. Алайда табандылықтың арқасында командамен бірге жеңіс тұғырынан көрініп жүр.
Ерсұлтан Қыпшақбаев, жобаға қатысушы:
- Мен осы жобаарқылы жаңа қалаларды білдім, жаңа қалаларға бардым, жаңа достармен таныстым және де спортқа деген махаббатым ашылды. Бұл жобаның адамдарымен кездестірген кезде оларға алғыс айтар едім. Балаларға үлкен мүмкіндік береді, үміт береді. Осы жоба басқа спорт түрлерінен де ұйымдастырылса жақсы болар еді.
Қанат Дәлі де спорттық жолын осы республикалық турнирден бастаған. Кезінде жобаға бес рет қатысып, қазір білікті жаттықтырушы атанды. Тәжірибесін «Атамекен» балалар ауылының шәкірттеріне үйретіп, үлкен додаға дайындап жүр. Маманның мақсаты – балаларды командалық рухқа тәрбиелеу.
Қанат Дәлі, жаттықтырушы:
- Кейбір балалар доп ұстауды да білмеді, баскетбол туралы ұғымы да болмады. Енді сол баскетболға қатысқалы бері жақсы деңгейде көрсетіп келе жатыр. Бұл жоба осындай балаларға алдағы уақытта үміт сыйлайды, балалардың өсіп-өнуіне үлес қосады.
«Халық лигасы» жобасы жас спортшыларды ойын техникасымен қатар қиындықтарды еңсеру мен мақсатқа жетуге дағдыландырады. Қызылордалық өрендер үшін бұл бастама үлкен спорттағы алғашқы кәсіби қадамдардың біріне айналары сөзсіз, - дейді спорт мамандары.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин