Алматы облысында «Көшпенділер қалашығында» экологиялық шара өтті

Алматы облысында «Көшпенділер қалашығы» мен «Таңбалы тас» шатқалы маңында экологиялық шара өтті.

Іле өзенінің бойы қоқыстан тазартылып, жартастардағы бейберекет жазулар өшірілді. 150-ге жуық адам қатысқан «Таза бейсенбі» шарасында 9 тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар табиғатты тазарту үшін ғана емес, қоғам назарын қордаланған мәселелерге аудару үшін қажет.

Серік Нұрқадыров, «AMANAT» партиясы ОФ атқарушы хатшысы:

- Кейбір азаматтарымыздың, кейбір туристеріміздің тазалықты сақтау мәдениеті де толық қалыптаспаған. Сондықтан да былтырғы жылы 30 тоннаға жуық осы туристерден қалған қалдықты «AMANAT» партиясының қолдауымен «Таза бейсенбі» акциясы аясында тазаланып шығарылған болатын. Енді ол дәстүр жалғасып келеді.  

Еркебұлан Құрман, волонтёр:

- Осы «Жастар рухында» жүргеніме 6 айдай болып қалды. Волонтерлық бұл жай ғана көмек емес, бұл жүрек қалауы деп білемін және акцияларға шығу арқылы біз өзімізді жақсы жағынан тәрбиелеп, жақсы бағыттар жасаймыз, қадамдар басамыз. «Таза Қазақстан» акциясы бұл тек табиғатқа емес, өзіміздің демалып жүрген ауамызға да пайдалы.