Алматы облысында пәтер кілттері табыс етілді
Алматы облысының Талғар ауданында баспана кезегінде тұрған 25 жергілікті тұрғынға пәтер кілті табыс етілді.
Бұл жолы әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар үйлі болып, қоныс тойын тойлап жатыр.
Талғар қаласының тұрғыны – Мадина Егізбаева үш ұл, үш қыз тірбиелеп өсірген көпбалалы ана. Жылдар бойы баспана кезегінде тұрған ол бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Жамалхан Бағашарова, Талғар қаласының тұрғыны:
- Менің қызым Егізбаева Мадина 13 жыл кезекте тұрып, мінекей, баспаналы болып жатыр. Осы әкімдікке, облыстық әкімдікке, Талғар ауданының әкімдігіне көптен көп рақмет! Енді алған үйіміз құтты болсын! Әрине, ұнап жатыр. Енді қуанышымызда шек жоқ.
Ал Мая Оспанова 2015 жылдан бері пәтер кезегінде тұр. «Бүгін баспаналы болып, қоныс тойын тойлайтынымызды кешегі күнге дейін білмей келдім. Бұл өзі мен үшін тосынсый болды», - дейді ол.
Мая Оспанова, Талғар қаласының тұрғыны:
- Сол аяқ асты «Отбасы банктен» хат келіп, одан кейін, міне, бүгін әкімдіктен звондап, кілт береміз деді, толқып тұрмын. «Отбасы банкке», әкімдікке рақмет, алғысым шексіз.
Танат Айдарбеков, Талғар ауданының әкімі:
- Бұл жұмыс ары қарай жалғасын табады. 2025 жылдың мамыр айынан бастап бізде кезектегі азаматтардың барлығы «Отбасы банкіне» өткізілді. «Отбасы банк» құжаттарын рәсімдеп, бізге сол азаматтардың тізімін береді. Біз сол кісілерге кілттерін ұсынатын боламыз.
Талғар ауданы бойынша 14 мыңнан астам тұрғын баспана кезегіне тіркелген. Соның тең жартысынан астамы – әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар. Ауданда соңғы екі жылда 459 пәтер сатып алынды. Ол баспаналар кезең-кезеңімен заңға сәйкес көпбалалы отбасыларға, балалар үйінің түлектері мен мүгедектігі бар жандарға үлестіріліп жатыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңешов