Цифрлық технологияның үлесі артады

Жезқазғанда «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» атты республикалық семинар-тренинг өтті. 

Іс-шараны Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Ауыл» партиясы және облыс әкімдігі ұйымдастырды. 200-ге жуық қатысушы ауылдық жердегі білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру жолдарын талқылап, ұсыныс-пікір білдірді. 

Ұлытауда ауыл мектептерінің техникалық базасы қаладағы білім ордаларынан кем емес. Дегенмен оқушылардың білім деңгейін теңестіру үшін әлі де күн тәртібінде тұрған міндеттер бар. Соның бірі – жаңа технология мен жасанды интеллектіні жетік меңгерген ұстаздардың қатарын көбейту. «Бұл ретте осындай семинар-тренингтердің берері мол», - дейді ұйымдастырушылар. 

Зина Ақылбекова, облыс әкімінің орынбасары:

- «Адал азамат» ұғымы  тек білімді ғана емес, сонымен қатар рухани бай, елін сүйетін, еңбекқор, әділ әрі жауапты тұлғаны білдіреді. Осындай ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаздардың, бүкіл қоғамның басты міндеті. 

Пленарлық отырыс «Білім берудің жаңа парадигмасы: құндылық, сапа және даму» тақырыбында өтті. Онда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында құндылыққа негізделген білім беру тәсілдері, сондай-ақ цифрлық технологиялардың ауыл мектептеріндегі рөлі талқыланды.

Әйгерім Сәрсенбаева, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі:

- Жасанды интеллектауылымыздың балаларына әлемдік деңгейдегі білімге жол ашатын ең қысқа жол деп айтуға болады. Біздің мақсатымыз – оларға осы есікті ашып беру. Ал ол үшін мұғалімдер арқылы оларға дәріс беруіміз керек. Сондықтан да бүгінгі семинар-тренингке 6 спикерді өзімізбен бірге алып келдік. 

Ақжарқын Тоқышева, семинарға қатысушы:

- Бүгінгі форумда біз тек білім емес, тәрбие мәселесін де қатар қойып отырмыз. Ауыл баласы заманауи технологияны меңгеріп қана қоймай, өз елінің адал патриоты болуға қалыптасқан жөн. 

Секциялық отырыста спикерлер түрлі тәжірибелерін көрсетті. Оқушылардың ғаламтор мен ойындарға тәуелділігінің алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жолдары талқыланды.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева