Таразда жаңа үйлердің сапасы сын көтермейді
Таразда жаңадан бой көтерген Шапағат шағын ауданының тұрғындары 3 күннен бері сусыз отыр. Жарық та жиі сөнеді.
Сорақысы сол, былтыр пайдалануға берілген көпқабатты үйлердің шатырынан су кетіп жатыр. Қабырғаның сылағы да түсе бастаған. Тұрғындардың базынасына қала әкімдігі құлағдар. Жергілікті билік арнайы комиссия құрдық, енді мәселені шешеміз деп отыр.
Сырт келбеті алыстан көз тартатын Шапағат шағын ауданындағы бұл тұрғын үйлер былтыр пайдалануға берілген. Алайда жұрт пәтеріне кірген күннен бастап, әбден әбірге түскен. Көпқабатты үйде алғашғы екі ай көгілдір отын болмаған. Екі аптаға жуық жарық жиі сөнетін- дейді тұрғындар. Ал соңғы бір аптадан бері ауыз су тапшылығын көріп отыр.
Гүлнәр Байтелиева, қала тұрғыны:
- Үш күн бойы өшті. Кеше бірақ ұзақ болмады. Сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін суды қосты. Көбісі ұзақ уақытқа өшеді деп ойлаған жоқ. Көпқабатты үй болғандықтан дәретханадан қиналды. Көпбалалы отбасылар, ерекше баласы бар жандарда жылу мәселесі болды. Жылу және ыстық су өшсе де, жарық өшсе де, газ өшсе де сол ғой. Су жоқ болса пеш жұмыс жасамайды. Бір біріне байланысты.
Мұндағы пәтерлер көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлерге ипотекамен берілген. Алайда жылдар бойы кезегін күткен тұрғындар құрылыс сапасына наразы. Себебі бірнеше үйдің шатырынан су ағып, жоғарғы қабаттағы пәтерлерді бүлдірген. Оған қоса қабырғасы көгеріп, сылақтары түсіп жатыр.
Нұргүл Сейтаева, қала тұрғыны:
- Жаңбыр жауса шатырдан су ағады. Ваннамнан, туалетімнен залымнан. Бөлмемнің терезесінің екі шеті көгереді. Қанша жыл пәтер жалдап жүріп үйге жеттім дегенде алған үйім осы ма деп қаламын.
Қала әкімдігіндегілер ауыз суға қатысты мәселенің туындағанын растады. Үш күн бұрын магистралды ауыз су желісі тесіліп, салдарынан су беру тоқтатылған.
Дамир Жаманбаев, қалалық Құрылыс бөлімінің басшысы:
- 400 диаметрлі су құбыры жарылған болатын. Оның алдында да 3 күн бұрын тура сол жерден ақау пайда болған. Ол кезде де кілейлеген, бірақ дұрыс істемеген. Полиэтиленді құбыр, өйткені тура кілейленген жерінен ажырап кеткен. Соны біз қайтып кілейлеп бердік. Бүгінгі таңда тұрақты түрде су беріп отырмыз.
Тұрғын үйлердегі ақауларды анықтау үшін әкімдіктен арнайы комиссия құрылды. Енді мердігер компанияға кемшіліктерді жою үшін бір ай уақыт беріледі. Орындалмаған жағдайда, әкімдік сотқа береді. Негізі шағын ауданның инженерлік желілері жергілікті әкімдіктің теңгеріміне алынбаған. Бұл мәселе қала аумағында салынып жатқан 27 қосалқы станцияның құрылысы аяқталған соң шешімін табады- дейді мамандар.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә