Даңқты боксшы Валерий Рачков 70 жасқа толды
Бокстан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Валерий Рачков 70 жасқа толды.
Даңқты спортшының мерейтойына орай Қазақ туризм және спорт академиясында конференция ұйымдастырылды. Алматы бокс мектебінің түлегі Валерий Рачков 1978 жылы Белградта өткен Әлем чемпионатында топ жарды. 67 келіге дейінгі салмақта ешкімге дес бермеді. Бүгін былғары қолғап шеберін құттықтауға даңқты боксшылар Серік Қонақбаев пен Виктор Демьяненко бастаған ардагерлер келді. Жиында деректі фильм көрсетілді. Отандық бокстың тарихы мен дамуы талқыланды.
Серік Қонақбаев, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері:
- Мен Валерий Рачков пен Виктор Демьяненконының жаттығуын алғаш рет көргенде таңғалдым. Олар өте еңбекқор еді. Таңғы 05:00-06:00-де тұрып, жүгіретін. Менің осындай шебер спортшымен бірге жаттығуға, жұптасып жұмыс істеуге мүмкіндігім болды.