Ақтөбеде студенттер сенбілікке шықты
Ақтөбелік студенттер шаһардың жаңа ауданында сенбілік өткізді. Құрылысы биыл басталған стадионның маңы қоқыс полигонына айналған.
Тұрғындар жүк көлігімен төгіп кеткен тұрмыстық қалдықты 150-ге жуық эко-белсенді тазалады.
Шаһардың бұл ауданы болашақта көрікті орталыққа айналуы тиіс. Жаңа футбол стадионы мен спорт кешені, театр мен Ақтөбе саябағы осы маңда салынып жатыр. Алайда қазір қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әр жерде тау боп үйілген құрылыс пен тұрмыстық қалдық тіпті ғарыштан көзге түскен. Жалпы «Ғарыш сапары» геопорталы қала аумағынан заңсыз төгілген 74 қоқыс үйіндісін анықтады. Қазір 48-і жойылды. Кезекті заңсыз полигонды тазартуға жастар қолғабыс етіп жүр.
Айдана Аюп, студент:
- Жастардың қолға алатын ісі деп ойлаймын. Қазір экология таза болса, біздің де денсаулығымызға әсер етеді. Бұл бірінші рет емес. Біз группамызбен көп келіп тұрамыз. Экологияны таза ұстау үшін де адамдардың көп көмегі тиюі керек. Адамдардың өзінің санасына байланысты.
Қазір облыс аумағында тазалықты сақтау және абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» екі айлық акциясы өтіп жатыр. Үш апта ішінде 10 мыңға жуық қала тұрғыны сенбілікке қатысты. 13 840 тонна қоқыс шығарылды. Алайда тұрмыстық қалдықты тасаға төгіп кететін жүк көлік жүргізушілері де азаймай отыр.
Азамат Бекет, қала әкімі:
- Былтыр дәл осы уақытта көктемде еріктілермен, жастармен бірге осы жерді келіп қоқыстан тазартқан болатынбыз. Енді өзіңіз көріп тұрғандай дәл осындай жағдай қайталанып тұр. Осы жағдайды пайдаланып қала ұрғындарына айтқым келетіні екі айлық акция аясында қоқыс полигоны үйден шыққан қоқыстардың барлығын тегін қабылдап жатыр.
Қаланың төңірегін қоқыс полигонына айналдырып жүргендерге қатысты әкімшілік шара қолданылады. Сенбіліктен кейін учаскелік инспекторлар студенттер тазалап шыққан жерді жиі тексеретін болды. Белгіленбеген жерге тұрмыстық қалдық төккендерге айыппұл салынады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов