Елде кемі 3 АЭС салынады
2050 жылға қарай елде кемі үш атом электр станциясы жұмыс істейді.
Электр энергиясын тұтынудың болжамды өсуін ескере отырып, төртінші станцияны салу жобасын іске асыру да қарастырылған. Бұл экономика мен халықтың сенімді әрі экологиялық таза энергияға қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өйткені 2032 жылы қуатқа деген қажеттілік шамамен 2 660 МВт-қа жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде жлектр энергиясының тапшылығы әсіресе оңтүстік және батыс өңірлерде сезіледі. Мұны Атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарлап отыр. Енді АЭС құрылысына байланысты сала мамандарына сұраныс арта түседі. Тек құрылыс кезеңінің өзінде 10 мыңға дейін адамды тарту жоспарлануда, оның ішінде 3 мыңнан астамы техникалық мамандық иелері. Білікті кадр дайындау үшін АЭС құрылысы бойынша құзыреттер орталығы құрылады. Жалпы ядролық кластерді дамыту мыңдаған жұмыс орнын құрып, өнеркәсіп пен экономиканың өсуіне ықпал етеді. Бұдан бөлек мамандандырылған атом-энергетикалық холдингтің негізі қаланбақ. Оның құрамына Қазақстандағы АЭС-тердің тиісті жобалау және пайдалану ұйымдары біріктіріледі.