«Әкелер одағы» балаларымен бірге «Таза Қазақстан» бастамасына атсалысты
Астана – елдің айнасы. Сондықтан Бас шаһардың тазалығы көпке үлгі. Бүгін Елордада «Әкелер одағы» балаларымен бірге «Таза Қазақстан» бастамасына атсалысты.
Астананың жайма-шумақ күнінде қала тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты. Қолына күрек пен тырма ұстаған әкелер балаларына тазалықтың қандай болатынын көрсетті. Осылайша, Сарайшық ауданындағы Кенен Әзірбаев көшесінде орналасқан гүлзарда 300-ден астам адам бас қосып, «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына үлес қосты. Аумақты тазалап, ағаш отырғызды.
Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
- Елордамыздағы білім ошақтарында оқитын оқушылардың ата-аналарымен өткізген «Әке-өнеге, тұлға» тақырыбындағы өнегелі шара. Бұл шараның мақсаты тек бір реттік көше тазалап, ағаш отырғызу емес, тазалық мәдениетін, тәртіп мәдениетін болашақ ұрпаққа өнеге ретінде көрсетіп, қалаға деген сүйіспеншіклікті ояту.
Шараға қатысушылар жүзден астам ағаш отырғызып, Гүлзар маңын бірге тазалады. Сенбіліктен соң ашық аспан астында палау мен бауырсақ дайындалды.
Бекдайыр Күзембай, Әкелер одағының төрағасы:
- Президенттік әр үндеуіндегі тапсырмасын қолдап, қадағалап отырамыз. «Таза Қазақстан» акциясы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, Әкелер болып ұрпағымызға үлгі, өнеге болып, іспен көрсету.
Гүлзарда Теміртес атты робот-ит қатысушылардың назарын аударды. Ол кәдімгі жануар сияқты еркелей жүріп, балалардың көңілін көтерді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мерей Талап