Ұлытау облысында жаңа зауыт пен қоқыс полигоны салынады

Ұлытау облысында қоқыс полигоны мен қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. 

Нысан Жезқазған мен Сәтбаев қаласының ортасына салынып жатыр. Бұл зауыт екі қалаға ортақ болып, өңірдегі қоқыс мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді. Полигон базасында құрылатын шағын зауытта жылына 50 мың тонна қоқыс қайта өңделеді деп жоспарланып отыр. 

Қоқыс полигоны мен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысына өндірістік аймақтан 16 гектар жер берілді. Қазір мұнда полигонның жерін дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Осы жерде қоқысты сұрыптап, өңдейтін бірнеше ангар салынады. Жоба жетекшілері тіпті, тағам қылдықтарын өңдеп, биоөнім шығаруды жоспарлап отыр. Қос нысанның құрылысына кететін қаржы шамамен 1 млрд 800 млн теңге. Оның 70 пайыздан астамы инвестордың өз есебінен, қалғаны өнеркәсіпті дамыту қорынан лизинг алу жолымен жүзеге асады.

Абзал Ахметбеков, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл полигон екі қалаға ортақ болғаннан кейін үлкен мәселелерді шешеді деп сенім білдіріп отырмыз. Қатты тұрмыстық қалдықтардың ішіне кіретін картон, қағаз, пластик, резенке секілді техникалық заттар осы жерде өңделетін болады. 

Қазір қолданыстағы қоқыс полигоны Жезқазғаннан 20 шақырым қашықта орналасқан. Қаламен қатар жасап келе жатқан нысан лық толып тұр. Ешқандай санитарлық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Тау боп үйілген қоқыс қысы-жазы күнара өртеніп, айналаны жағымсыз иіс жайлап кетеді. 

Қайрат Шайжанов, қала әкімі:

- Қалаға маңызды жоба болғаннан кейін инвестор қазір жолға, суға, тоққа жұмыс жобасын жасайды, соны біз бюджет есебінен тартып береміз. Ал енді бұл полигоды дұрыс пайдалану үшін бүкіл жағдайы болу керек. Тәртіп болу керек. Осының бәрін іске қосқаннан кейін ескі полигонды біз геоэкологиялық баға беру жасаймыз, содан кейін мембронамен үстін жауып, оны рекультивация жасауымыз қажет. 

Жаңа полигон келер жылы қолданысқа беріледі. Оның жанынан салынатын шағын зауытта жылына 50 мың тонна қоқыс өңделеді. Бұл қалдықтарды кәдеге жаратудан бөлек, өңір экологиясына келетін зиянды азайтуға мүмкіндік береді дейді мамандар. Қазір Жезқазған мен Сәтбаев қаласынан күніне 140 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов, Гүлшаһира Серікбаева