Жамбыл облысында ірі энергетикалық жоба жүзеге асады
Жамбыл облысында ұзындығы 475 шақырым болатын 500 кВ-тық екі электр беру желісінің құрылысы жүріп жатыр.
Ауқымды жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Қазір «Жамбыл-500» қосалқы станциясында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Сондай-ақ кешенде құрылғылар мен желілер жоспар аясында жаңғыртылып жатыр.
«Жамбыл-500» қосалқы станциясы – Қазақстанның оңтүстік өңірлерін электрмен қамтамасыз ететін маңызды энергетикалық нысан. Кешен арқылы солтүстіктен келетін электр қуаты Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласына таратылады. Қазір мұнда қосымша 500 киловольттық автотрансформаторлар мен реакторлар орнатылып жатыр. Кеңейту нәтижесінде Солтүстік–Оңтүстік транзитінің өткізу қабілеті 440 мегаваттқа артады.
Серік Жүнісбеков, «KEGOC» АҚ «Оңтүстік ЖЭТ» филиалының бас инженері:
- Жоба аясында Шу-Жамбыл және Жамбыл-Шымкент бағыттарында жалпы ұзындығы шамамен 475 км болатын екі 500 Кв әуе желісін салу, сондай-ақ 500 кВ Шу, Жамбыл, Шымкент қосалқы станцияларын реконструкциялау және кеңейту қарастырылған. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.
«KEGOC» акционерлік қоғамы алдағы күз бен қыс кезеңіне дайындық ретінде жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Биыл 100 электр жеткізу желісі мен қосалқы станциялардың 38 жабдығы жаңғыртылады. Сонымен қатар 107 ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар «Жамбыл-500» қосалқы станциясында да жүргізіледі.
Данияр Қаракесеков, «KEGOC» АҚ «Оңтүстік ЖЭТ» филиалы бас инженерінің орынбасары:
- Еліміздің ұлттық желісінің сенімді әрі тұрақты қызметін қамтамасыз ету мақсатында филиалда 18 электр жеткізу желісі, 4 бірлік қосалқы станция жабдығы 28 ғимарат пен құрылыс нысаны және 17 бірлік автокөлікті жөндеу жоспарланған. Айтылған жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айына дейін толығымен бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылады.
Жалпы биыл 589 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар жабдықтардың күзгі-қысқы маусымда тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә