Елде дәрігерлер тапшылығы 20% қысқарды
Соңғы 2 жылда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және олардың мәртебесін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды.
Бұл дәрігер жетіспеушілігін 20 пайызға және медицина қызметкерлерінің тапшылығын 13 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.
Жоғарыда айтылған шаралар соңғы 5 жыл ішінде медицина қызметкерлерінің сыртқы көші-қонын 5 есе қысқартуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2021 жылы 904 маман шекара асса, былтыр небары 186 адам шетелге кеткен. Соңғы екі жыл ішінде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға, қызметтік міндетін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне дене жарақатын келтіру немесе қатыгездік көрсету үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар заң қабылданды. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша шаралар енгізілді. Десек те, дәрігерлердің тапшылығы мен біліктілігіне қатысты мәселелер азаймай отыр, дейді кейбір тұрғындар.
Өңірлер бойынша дәрігерлер тапшылығы Маңғыстау, Жетісу, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өзекті. Әсіресе ауылдық жерлерде педиатр, анестезиолог, реаниматолог және акушер-гинеколог жетіспейді. Елдімекендерде жұмыс істейтін мамандардың көбі зейнетке шыққан кадрлар. Олардың еңбек өтілі 40-50 жыл.
Ольга Букарь, акушер-гинеколог:
- Бірінші кезекте жұмысым өзіме ұнайды. Екіншіден, Ақмола облысының Бұланды ауданында мамандар тапшы болған соң, зейнетке шықсам да менің қызметіме сұраныс жоғары. Бірақ кез келген сәтте жас мамандарды құшақ жая қабылдап, бар білгенімізді үйретуге дайынбыз. Алайда өкінішке қарай бұл жерге жастар келуге асықпайды.
Өткен жылы халықты дәрігерлермен қамтамасыз ету деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 41 кадрды құрады. Ал орта буын медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету деңгейі шамамен 96 маманға тең. Бұл көрсеткіштер дамыған елдердікінен еш кем емес, дейді ведомство өкілдері. Мәселен, Ұлыбританияда 10 мың тұрғынға 34 дәрігерден және 91 орта буын медицина қызметкерінен келеді. Эстонияда - 35 және Испанияда 44 дәрігер.
Әсет Ізденов, ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің басқарма басшысы:
– Бірінші кезекте тапшылық себебін медициналық инфрақұрылымның қарыштап дамуымен түсіндіруге болады. Халық санының жоғары қарқынмен өсіп жатқаны тағы бар. Жергілікті атқарушы органдар, өңірлердегі кейбір медициналық мекемелер мамандарды тарту жұмысын жеткілікті деңгейде атқармауынан да болуы мүмкін, деп ойлаймын.
Осыған байланысты медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде немесе 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлемдер көзделген. Сонымен қатар оларға қызметтік тұрғын үй беру, көтерме жәрдемақы төлеу, коммуналдық шығындарды өтеу және басқа да жеңілдіктер түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көзделген, дейді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.