Қарағанды облысында майлы дақылдар алқабы ұлғаяды

Биыл Қарағанды облысында бидай алқабы қысқартылып өнімділігі жоғары майлы дақылдар көлемі ұлғаяды.

Жалпы жергілікті фермерлер 1 миллионнан астам гектарға дән сіңірмек. Ауыл шаруашылығына қатысты осы және өзге де мәселелер Абай ауданында өткен дәстүрлі агрокеңесте талқыланды.

Қарағандылық фермерлер жер жырту жұмыстарына жақын арада кіріседі. Егін салуға оңтайлы мерзім 10–20 мамыр аралығы. Ол үшін өңір бойынша 100 мың тоннаға жуық тұқым дайындалды. Қазір шаруаларға арзандатылған 17 мың тоннадан астам дизель отыны жеткізілген.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:

- Ауыл шаруашылық саласына бұрын болмаған қолдаулар көрсетілуде. Атап айтқанда, минералдық тыңайтқыштардың 60 пайыздан астамын төлеу, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына тікелей 5 пайыздық жеңілдетілген «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары арқылы алдын ала қаржыландыру және тағы да басқа да жеңілдіктер жасалуда.

Агрокеңесте мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы кең мәлімет берілді. Бұдан былай фермер отандық өндірушіден тыңайтқыш алса, оның жартысынан көбін мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар техникаларды тиімді лизинг арқылы алу мүмкіндігі кеңейтіліп жатыр.

Игорь Жабяк, фермер:

- Фермерлер үшін жылдан жылға қолдау артып келеді. Әрине, несиелерді, субсидияларды алу үшін белгілі бір талаптар бар. Көктемгі және күзгі егіс науқанына жаңа бағдарлама бойынша 5 пайызбен несие беріледі. Менің ойымша, бұл өте тиімді.

Кадр мәселесі де көтерілді. Өңірде ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын 7 колледждің жұмысы жетілдірілмек. Агрокеңесте техникалар көрмесі өтті. Мұнда бір ұшқанда 350 гектарға дейінгі алқапты зиянкестерге қарсы өңдейтін дрон, жаңа тракторлар ұсынылды. Бұл күні Абай қаласында заманауи ет өңдеу кешені іске қосылды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит