Қарағандыда үздік учаскелік полиция инспекторы анықталды
Қарағандыда «Үздік учаскелік полиция инспекторы» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. 7 мың қызметкердің арасынан іріктелген жиырма инспектор өзара сынға түсті, деп хабарлайды 24KZ.
Олар белсенділігі, кәсіби шеберлігі және халықпен тығыз жұмыс істеу қабілетін көрсетті. Заң мен ережелерді білу деңгейі бойынша сынақ тапсырды.
Қазақстанның үздік учаскелік полиция инспекторы атағына Ақмола облысынан келген Бауыржан Сарыбаев ие болды. Жеңімпазға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Ішкі істер министрлігінің медалі табысталды. Бауыржанның айтуынша, учаскелік инспектор тұрғындардың мәселесін жақсы білуі, әрқайсысын тыңдай алуы және күрделі жағдайдан шығудың жолын табуы керек.
Бауыржан Сарыбаев, учаскелік полиция инспекторы:
– Біздің міндетіміз – азаматтардың сеніміне ие болып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Учаскелік инспектор болып жүргеніме шамамен жеті жыл болды. Еңбек жолымды сержант болып бастадым. Кейін кезекші бөлімде жұмыс істедім.
Республикалық байқаудың жүлдегерлері қатарында Түркістан және Жамбыл облыстарының өкілдері де бар. Сонымен қатар Қарағанды облысының үздік учаскелік инспекторлары да марапатталды. Қалалық учаскелік инспекторлар арасында Саран қаласынан келген Айдар Мақанов жеңімпаз атанса, ауылдық округтер бойынша Ақтоғай ауданынан Жандос Қыдыргелді үздік деп танылды. Әрқайсысына екі млн теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.
Жандос Қыдыргелді, учаскелік полиция инспекторы:
– Жалпы органда 10 жыл қызмет етемін. Учаскелік инспектор болып істегеніме 4 жыл болды. Жұмыс оңай емес, бірақ үйрендік. Ауылдық жерде территория алшақ болғандықтан жол-көлік оқиғалары, мал ұрлықтары орын алады. Солардың алдын алып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеміз. Мұндай жарыстар біз үшін үлкен мүмкіндік – өзімізді көрсету, дамыту.
Финалға жолдама алу үшін учаскелік инспекторлар алдымен өз өңірінде іріктеуден өтті. Қазылар алқасы олардың кәсіби дайындығын, практикалық дағдыларын, заңнаманы білу деңгейін және тұрғындармен жұмыс істеу қабілетін бағалады. Құқықбұзушылықтың алдын алу мен азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге де ерекше назар аударылды. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде 7 мыңнан астам қатысушының ішінен 20 қызметкер топ жарды.
Руслан Қаржаспеков, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы:
– Олардың кәсіби біліктілігі, яғни дене шынықтыру, атыс және құқықтық дайындық деңгейі бағаланды. Сондай-ақ әртүрлі төтенше жағдайларда әрекет ету қабілеті тексерілді. Атап айтқанда, отбасылық жанжал кезінде немесе қарулы шабуыл жағдайында қалай әрекет ететініне назар аудардық.
Байқау жеңімпаздарынан бөлек, қызметтік міндетін атқару барысында ерекшеленген полиция қызметкерлері де марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің алғыс хаттары табысталды.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев