Жетісу облысында су үнемдеу технологиясы енгізіледі

Кейінгі екі жылда Жетісу облысындағы өзендердің деңгейі төмендеп, егістік алқаптарды суару маусымы кезінде 20 пайызға дейін азайған.

Тіршілік нәрін тиімді пайдаланып, әрі мол өнімге қол жеткізу үшін дихандар су үнемдеу технологиясын енгізіп жатыр. Биылдың өзінде аймақтағы 40-тан аса шаруа қожалығы 11 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдырмақ.

Нұрболат Жұмағұлов жетекшілік ететін шаруашылыққа екі жылда 26 жаңбырлатқыш орнатылды. Арнайы ұңғыма қазылып, су жинайтын орындар дайындалды. Жоламан алқабындағы технологияны сынақтан өткізген олар биыл 1400 гектар жерге алғаш рет ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп көрмек. 

Нұрболат Жұмағұлов, шаруашылық жетекшісі:

- 400 гектар аумаққа арпа себе бастадық. Оның өнімділігі гектарына 15-20 центнерді құрайды. 485 аумаққа біз жоңышқа егіп жатырмыз. Ол жерге биыл 2 орын жасап, гектарына 10 тоннадай алуды көздеп отырмыз. Келесі жылы4-5 орын жасап, 20 тоннаға дейін өнім алуды көздеп отырмыз. Одан бөлек жүгері мен күнбағысты егейін деп жатырмыз.

Облыста жиналатын дәнді-дақылдың тең жартысы Кербұлақ ауданында өсіріледі. Күреңбелдік дихандар жыл сайын 113 мың гектардан астам жерге жан бітіріп, ел ырысын еселеп келеді.

Бақыткелді Бақытжанұлы, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл жаңбырлатып, тамшылатып суару технологияларын 6900 гектарға қолданса, келесі жылы дәл сол шаруа қожалықтары екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Аталған егіс алқаптарында дәнді-дақылдар, жүгері, көкөніс, картоп егілетін болады.

Жетісу облысындағы 511 мың гектардан асатын егістіктің тең жартысына дәнді-дақыл себіледі. Жетісу облысында су үнемдеу технологиясы арқылы игерілетін егіс алқаптарының көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Мамандардың мәліметінше, былтыр 33 мың гектар жер тамшылату және жаңбырлату жүйесің арқылы суарылған. Биыл оның көлемі 79 мың гектарға жеткізілмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов