Ақмола облысында астық өңдеу зауыты салынады
Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азия Алтын Дән» компаниясы арасындағы инвестициялар туралы келісімге қол қоюды мақұлдады.
Зауыт Aqmola индустриялық аймағындағы 500 гектар аумақта салынып жатыр. Инвестиция сомасы – 300 млрд теңге. Кәсіпорын ұн және жарма өнімдерінен бастап, малға арналған жемге дейін шығарады. Өндірістік қуаты жылына 6 млн тонна көлемінде бағаланып отыр. Бұл жергілікті шикізатты тиімді пайдаланумен қатар экспортты әртараптандыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Келісім аясында инвестор жылына 40 техникалық және биоинженерия маманын даярлауға міндеттеледі. Зауыт базасында заманауи ғылыми-зерттеу және технологиялық зертхана құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ инвестор зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын аудандағы әлеуметтік жобаларға қаржы бөлуге тиіс.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Жобаның басты ерекшелігі – оның ауқымдылығы және астықты терең биотехнологиялық өңдеуге бағытталуы. Сонымен қатар халықаралық серіктестердің қатысуы озық технологияларды енгізуге, басқарудың заманауи стандарттарын қолдануға және ең алдымен шетелдер нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Жоба өңірлік және ұлттық деңгейде елеулі әсер етеді. Құрылыс кезеңінде 4 мыңға дейін жұмыс орны ашылып, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін шамамен 800 тұрақты жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ биотехнологиялар және өңдеу салаларында ғы құзыреттерді дамытуға жол ашылып, кадрлардың біліктілік деңгейі артады.