Елімізде ережені сақтамағандар жауапқа тартылды
Шымкентте кейінгі бір аптада жол ережелеріне қатысты жеті мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы жергілікті Полиция департаменті мәлімдеді.
Өзге өңірлерден келген полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген рейдтік іс-шара барысында 565 автокөлік айып тұрағына жеткізілді. Жаппай тексерістен кейін жүргізушілер арасында алғашқы медициналық дәрі қобдишасы мен өрт сөндіру құралдарына сұраныс күрт артты. Мамандардың айтуынша, сұраныстың көбеюі нарықтағы бағаның да өсуіне әсер еткен.
Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарының полицейлері Шымкенттегі жедел-профилактикалық іс-шараға жұмылдырылды. Бұл ақпарат бір апта бұрын әлеуметтік желілерде тез тарап, жүргізушілер арасында алаңдаушылық туғызды. Сондықтан көлік иелері өрт сөндіру құралы мен дәрі-дәрмек қобдишасын түгендеуге асықты. Сәйкесінше, нарықтағы бұл тауарлардың бағасы да шарықтап шыға келді.
Есенбек Бәкіров, қала тұрғыны:
- Қымбаттап жатыр ғой қазір бәрі. Соған тіреліп тұрғаннан кейін саудасы жүреді. Өрт сөндіргіш 10 мың деп тұр. Соны ал деп жатыр ғой бізге. Қымбат қой. Бұрын байқамаппын. Бәріміз пендеміз керек кезде жүгіреміз ғой.
Тәжірибелі жүргізуші Ерхан Жарқынбекұлы тәртіп сақшыларының күшейтілген тексерісіне дайын болмады. Оған көліктің маңдайалды әйнегіндегі жарықшақ үшін айыппұл салынған. Енді ол темір тұлпарын айып тұрағынан шығарған бойда, ақауды қалпына келтіруге кірісті.
Ерхан Жарқынбекұлы, қала тұрғыны:
- Жақында кішкене жарылды. Соған тоқтатты ғой. Тоқтатты да айыппұл салып әрі айыппұл тұрағына әкетті. Қой деп бірден ауыстырып жатырмыз ғой. 21 мың төледік. Жалпы 50 мыңға түстік.
Қала аумағында жүріп жатқан жаппай тексеріс 25 сәуірге дейін жалғасады. Жедел-профилактикалық іс-шараға жол қозғалысын қадағалаушы полицейлер, арнайы жасақ жауынгерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары тартылды. Басты мақсат – қылмыстың алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Нұрсұлтан Мұхамеджа, тілші:
- Менің ту сыртымдағы қаланың ең ірі айып тұрағында бос орын азайып барады. Соңғы уақытта мұнда жеткізілген автокөліктер саны күрт көбейген. Енді жүргізушілер салынған айыппұлды толық өтемейінше темір тұлпарын тұрақтан шығара алмайды.
Полиция департаментінің мәліметінше, шараның алғашқы аптасында 7730 құқықбұзушылық анықталып, 565 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Оның ішінде көлікті масаң күйде басқару, қарсы бағытқа шығу, жалған нөмір тағу және жүргізу құқығынан айырылғандарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылған. Ал әлеуметтік желіде қызу талқыланған медициналық қобдиша мен өрт сөндіру құралына қатысты бірде-бір айыппұл салынбаған.
Тоқтарбек Әшірбаев, қалалық ПД патрульдік полиция полкінің командирі:
- Бұған дейін жол жүру ережесінде көрсетілген талаптарға сай қызмет атқарып жатыр. Халықтың арасында түсінбеушілік туындап, көбі сұрақпен бізден сұрап жатыр. Түсіндірме жұмыстарын арнайы ресми парақшаларда, барлық жерде көрсетіп отырмыз. Дүрбелеңге, түсінбеушілікке салудың қажеті жоқ.
Полиция департаментінің өкілдері жалған ақпарат таратқан тұлғалар заң алдында жауап беретінін ескертеді. Сондай-ақ жүргізушілерді жол ережесіне бей-жай қарамай, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов