Ұлытаудан Қостанайға барар жол жаңарады

Ұлытау Қостанайға шығар тұсындағы жолын реттейді. Көрші өңірдің шекарасын жалғайтын учаскенің ұзындығы 110 шақырым. Қазір соның 20 шақырымына асфальт төселді.

Мердігерлер қалған бөлігін қазан айына дейін аяқтаймыз деп отыр.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Жезқазған-Петропавл тасжолының Ұлытау ауданы мен Қостанай облысы шекарасына дейінгі ұзындығы 110 шақырым. 1969 жылы салынған. Содан бері бірде бір мәрте жөндеу көрмеген. Жолдың қазіргі жағдайы осы. Әсіресе  жауын-шашынды күндері бұл жермен жол талғамайтын көліктің өзі жүре алмайды.

Түстік пен теріскейді жалғайтын ең төте жол осы болғанымен, бұл трассамен жүретін көлік аз. Жолдың жайын білетін жергілікті жұрт болмаса, сырттан қатынайтын жолаушы сирек.

Хамза Катаганов, Тәжікстан азаматы:

- Тәжікстаннан Ресейге кетіп барамыз. Картада ең қысқа жол болған соң осы трассамен жүрген едік, әбден қиналып келеміз. Бірнеше жерде балшыққа батып қалдық. Жаңбырдан жол езіліп кеткен.

Тасжолдағы құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Жобаны жүзеге асыруға республика қазынасынан шамамен 9,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 90 шақырымына орташа жөндеу жасалып, 17 суағар құбыры жаңартылады.

Айболат Айбек, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ОФ бөлім басшысы:

- Жол жабынын бұзбау мақсатында жол құрылыс материалдары алдын ала қыс мезгілінде дайындалып, қазіргі таңда жұмысқа 58 техника және 114 адам күші жұмылдырылған. Жұмыстар қазір қарқынды жүріп жатыр. Үш учаскеде су құбырын ауыстыру және де ресейкілеу жұмыстары басталды. Асфальт төсеу жұмыстары 2 мамырдан басталады. 

Былтыр жолдың 20 шақырымына жуық асфальт жамылғысы төселді. Жұмыс сапасын қадағалайтын мекеме 200-ден аса сынама алған. 

Абылай Ертуғанов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ОФ инженері:

- Былтырғы көрсеткіш бойынша 200 ден астам сынаманың 20 пайызы сәйкес келмеді. Оның барлығын мердігер ұйым қалпына келтірді. Біздің тараптан жолдың сапасы әрбір шақырымы қатаң бақылауда. 

Мердігерлер жөндеу жұмыстарын қазан айына дейін аяқтаймыз деп отыр.  Бұл солтүстікке қатынайтын жүргізушілердің жолын қысқартып, жолға кететін уақытын үнемдейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев