Алдағы төрт жылда бес мың шақырым теміржол салынады

Елімізде алдағы 4 жылда 5 мың шақырым жаңа теміржол салынады. Басты мақсат – транзит көлемін 2035 жылға қарай жылына 100 млн тоннаға жеткізу.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Теміржол ынтымақтастық ұйымының 70 жылдығына орай өткен форумда айтты. Еліміз мұхитқа шыға алмаса да, транзиттік әлеуеті мол. Осы геогрияфиялық ерекшелікті стратегиялық артықшылыққа айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, 15 жылда көлік саласына шамамен $35 млрд қаржы құйылған. Одан өзге 2,5 мың шақырымнан астам жаңа магистральдық жолдар салынды. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағыты бойынша барлық құрлықтағы тасымалдардың 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-
Контейнерлік тасымалдар тұрақты дамып келеді. Тек осы бағыт бойынша 2029 жылға дейін жылына 80 мың ЖФЭ-ден 300 мыңға дейін жетуді жоспарлап отырмыз. Қатысушы елдердің үйлесімді жұмысының арқасында орта дәліз бойынша жеткізу мерзімі 18 тәулікке дейін қысқарды. Біз оны 10 күнге дейін азайтуды көздеп отырмыз.

Ұйымның мерейтойына орай өткен басқосуға әлемнің 30 елінен 300-ден астам теміржол тасымалы компанияларының басшылары мен өкілдері келді. Форумда халықаралық транзитті дамыту, көлік бағыттарын үйлестіру және Еуразияда тасымалды тиімді ету мәселелері талқыланды. Бірлестіктің жетпіс жыл ішінде жеткен жетістікері аз емес. Осы уақыт аралығында ұйымға мүше елдердің күрежолы 320 мың шақырымнан асты. Ол арқылы жыл сайын шамамен 5,5 млрд жолаушы және 5 млрд тонна жүк тасымалданады. Қазақстан аталған ұйымға 1993 жылы қосылған.

Талғат Алдыбергенов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
-
Келер жылдың соңына дейін еліміздегі жүк тасымалы көлемін кемінде екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Биыл 500 шақырымға жуық жаңа теміржол салынып, 3 мың шақырым теміржол желісі жаңғыртылады. Бұл шаралар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтеді. Әсіресе Орта дәліз бағытының маңызы артып келеді.