Алматыда халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы құрылады
Алматыда Халықаралық валюта қорының өңірлік орталығы құрылады. Аталған бастамаға қатысты құжат сенатта қолдау тапты.
Орталықтың Оңтүстік астанада толыққанды жұмыс істеуіне қажетті құқықтық негіз қалыптасады. Ол Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан елдері үшін жұмыс істейді. Мұндағы мақсат – мемлекеттік орган мамандарының макроэкономикалық талдау, бюджеттік және ақша-несие саясаты, қаржылық реттеу және статистика салаларындағы біліктілігін арттыру. Ұйымның қызметі тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңірге маңызды стратегиялық ресурс болмақ. Бұл отандық мамандарға шетел аспай-ақ үздік халықаралық практикалық білімге өз елінде қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Аталған құрылым өңірде экономиканы және мемлекеттік басқару саласын дамытуға арналған жобаларды іске асыруға қолдау көрсететін болады. Жалпы бұл заң еліміздің өңірдегі жетекші қаржы және іскерлік орталық ретінде қалыптасуына өз септігін тигізеді деп сенеміз.
Серік Өтешов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Орталықтың біздің елімізде орналасуы Қазақстанның аймақтағы қаржылық білім мен құзыреттердің негізгі хабы ретіндегі рөлін нығайтып, мемлекетіміздің халықаралық беделін арттырады. Бүгінгі таңда орталық 9 елді біріктіріп, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін арттыруға бюджеттік жоспарлауды, статистика мен болжамдарды жетілдіруге бағытталған. Бұл біздің мамандарға Вашингтон немесе Вена қалаларына бармай-ақ, ең үздік халықаралық практикалық білімге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.