Астанада ЖИ технологияларына негізделген пилоттық АІ кабинеті ашылады

Елордадағы 101 мектепте жасанды интеллект технологияларына негізделген пилоттық АІ кабинеті ашылады. 

Кабинет оқу процесін цифрлық шешімдер арқылы жақсартуға және сабақ сапасын ақпараттық деректер негізінде талдауға бағытталған. Бұрын соңды елдегі мектеп ғимараттарында мұндай форматтағы орын болмаған. АІ Интерактив Смарт Классрум кабинетіне бейнебақылау мен аудиоаналитика жүйелері орнатылған. Олар сабақ кезінде оқушылардың белсенділігін, назарын және сыныптағы жалпы жағдайды талдап, мұғалімге жедел ақпарат беруге қауқарлы. Соның арқасында мұғалім сабақты нақты жағдайға қарап бейімдей алады. Жиналған деректер жасанды интеллект арқылы өңделіп, әр сабақ бойынша қысқаша талдау жасалады. Бұл оқушыларға қай тақырып қиын екенін немесе қай тұста қызығушылық төмендейтінін анықтауға көмектеседі. Барлық ақпарат тек білім беру мақсатында қолданылады.

Айтжан Әбілмажинов, №101 мектеп директорының цифрландыру жөніндегі орынбасары:

- Сонымен қатар мектепте оқушылар дрон басқару үйреніп, оны түрлі тапсырмаларға бейімдеп, жобаларының нәтижесін бірден көріп талдай алады. Бұл теория мен практиканы қатар ұштастыруға жол ашады. Алдағы уақытта кабинет пилоттық режимде сынақтан өтеді.