Ақтөбе балабақшаларында жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр
Балдырғандарға ақ жаулықты аналар ертегі оқып берді. Ақтөбе балабақшаларында «Сырлы әлемге саяхат» атты жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр.
Енді халық ауыз әдебиеті жауһарларын тәрбиешілермен қатар ата-аналар да оқиды.
Айман Сәкиева түскі асын ішіп, жатын бөлмесіне тынығуға жайғасқан балаларға «Мақта қыз бен мысықты» оқуға кірісті. Бұл бүлдіршіндердің сүйікті ертегісі дейді. Әжей «Сырлы әлемге саяхат» жобасына қатысуға ұсыныс түскенде қуана келіскен.
Айман Сәкиева, қала тұрғыны:
- Балаларға ең керек нәрсе. Тілін, ой-өрісін дамытуға, одан қалды қазіргі жетпейтін көп тілдері дамымаған. Сондықтан ертегі айту қажет деп ойлаймын. Ой өрісін кеңітеді, адамгершілікке баулиды, имандылыққа тәрбиелейді.
«Сырлы әлемге саяхат» жобасы балалардың қиялын дамытып, ертегілерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар отбасы мен балабақша арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық тәрбие дәстүрін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Дина Жаулыбаева, «Үміт» бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі:
- Бұл балаларға өте қызық. Себебі олардың таныс, күнде көріп жүрген ата-аналар, әжелер өздерінің ертегілерін оқып береді. Мұның жалғасы болсын деп үміттенемін. Өте жақсы дәстүр болады.
Мұндай танымдық сағаттар барлық топта ұйымдастырылды. Ата-аналар қазақ халқының ауыз әдебиеті туындыларымен қатар әлем ертегілерін де оқыды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов