Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін

Біздің елде де балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты заң жобасы талқылауға шығарылмақ.

Демек кәмелетке толмағандарға TikTok, Instagram сияқты желілер мен YouTube секілді онлайн платформалар қолжетімсіз болады. Яғни кәмелетке толмағандар жалған аккаунтпен де әлеуметтік желіге тіркеле алмайды. Өйткені олардың жасын жасанды интеллект тексереді. Егер ереже бұзу анықталса, жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Мұндай шектеу Австралияда бар. Онда 16 жасқа дейінгі балаларға онлайн платформаларға тіркелуге заңмен тыйым салынған. Ал Францияда 15 жасқа дейінгі балалардың аккаунт ашуы үшін ата-ананың келісімі керек. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 16 млн-нан астам адам түрлі танымал желілерге тіркелген. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуіне сүйенсек, еліміздегі 9 бен 12 жас аралығындағы балалардың 60 пайызында өз аккаунты бар.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлеуметтік желілерде бүгінде неше түрлі қорқытып-үркіту, не экстремизм элементтері бар ақпараттар желдей есіп жүр. Оның бәріне ешқандай жас шектеу қойылмаған. Өкінішке қарай сол қажетсіз дүниенің бәрі балаларға оңай қолжетімді болып кетті. Бұл ақпараттың барлық ағынын шектеу мүмкін емес. Сондықтан біз қазір нақты шешім қабылдауымыз керек. Бұл шешім өскелең ұрпақтың мүддесі үшін өте қажет, деген ойдамын.