Экожүйе мәселесі мәмілемен реттеледі

Орталық Азияда тозған 80 млн гектар жерді түлету мүмкін бе? Жерді сергітетін судың өзі қайда сіңіп барады?

Негізгі тіршілік ету факторларына қатер төнсе азық-түлік қауіпсіздігі қалай болмақ? Елордада екінші күн өтіп жатқан экологиялық саммитте сан түрлі проблема қаузалып, түйінді шешім іздеуге тырысты. Бас серіктесі – Біріккен ұлттар ұйымы. Мандатын алға тартып, маңызды бастамалар көтерді. 

«Су – атасы, жер – анасы, нан – баласы». Шерхан Мұртазаның шығармасындағы шындық осы. Тап осы танымнан айырылғанда тіршілік те тамырынан жұлынады. Қайта жалғау қиынның-қиыны. Сондықтан сауысқандай сақ қимылдау ләзім. Онсызда қазіргі жағдай мүшкіл. Табиғаттың қай сыйын айтсаң да сарқылып барады. Өкініштісі адам қолымен. Аңдамай да, әдейі де құртып жатырмыз.

Надежда Дементьева, БҰҰ Конвенциясы хатшылығының өңірлік үйлестірушісі:

- Аянышты ахуал. Шөлейттену, жердің тозуы, шаңды дауыл. Орталық Азияға тән ортақ проблемалар. 20 пайыздай жер тозған. Бұл жалпы тұрғындардың 30 пайыз қонысы. 80 млн гектар жер. Салыстырсақ. Қырғызстанның 4 территориясындай. Бірақ сын-қатер қатты екен деп, сағымыз сынбауы тиіс. Дағдарысқа қарсы мүмкіндік те зор. Яғни аймақтың қалпына келу әлеуеті жоғары. Тек берекелі әрекет керек.

Сарапшы үрейлендіре отырып, үміт артты ма? Ал, орамды ой олжалы орындалуы үшін саяси әрі ғылыми ерік-жігер керек. Бүгінде Біріккен ұлттар ұйымы жер ресурстары бойынша аймақтық шолу бағдарламасын жасап жатыр. Бұйырса, тамызда Ұлан-Батырда тақырыптық конференциясында таныстырамыз дейді. Аталған ұйымның атқаратын жұмысы мұнымен шектелмейді.

Виорел Гутсу, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы бас директорының орынбасары:

- Азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы технологиясы, ирригация түйткілдері. Бәрі БҰҰ мандатына жатады. Біздің  Орталық Азияға қатысты жер-энергия-су бағытында бастамамыз бар. Бұның бәрі тұтас аймақтық сауалдар. Өйткені шешім бір жерден ғана шығуы мүмкін емес. Шешім кешенді әрі мемлекетаралық болу керек, үкіметтер бірлесу керек.

Әлемде суға сұраныс 2040 жылға қарай 40 пайызға артуы мүмкін. Бұндайда бүкіл халықаралық қоғамдастық күш-жігерін біріктіру маңызды. Осы ретте Қазақстан су дағдарысын еңсеруді көздейтін көпжақты бастамаларға ашық. Өйткені табиғат заңдары шекараны мойындамайды әрі бағынбайды. Өзендер мен көлдер менікі-сенікі,-деп бөлінбейді. Демек мемлекеттер бірігіп, ортақ шешім табуы тиіс.

Каролина Стар, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының маманы:

- Бастысы келісім. Арада ашық әрі нақты уағда болу қажет. Үкіметтер мен ұлттық банктер сол жағын пысықтаса абзал. Бірақ, ымыраға келу қиын шаруа. Себебі ұлттық деректер – ұлттық қауіпсіздік ретінде саналады ғой. Сондықтан мемлекеттер деректерді бірден ажыратып қою керек. Яғни ортақ пайдалануға жарамды екенін анықтап, тараптар үшін маңызды ақпаратты ажырата білгені жөн. 

Каспийдің күйі де – күн тәртібіндегі күрделі мәселе. Әлем үшін маңызды су айдыны. Бірақ тартылуына түрткі болған түрлі факторды айтпағанда кез келген экожүйе сияқты, ол да климаттың өзгеруіне құлазып отыр. Осы ретте саммит сарапшылары бейімделуге үндеді. Яғни Каспийдің маңында өмір сүріп, тіршілігін теңізбен байланыстыратын қауымдастықтарды қолдау қажет, - дейді. Түптеп келгенде, бірлікпен тірлік етуден басқа амал да, жол да жоқ. Өйткені табиғат – жаһан жұртының анасы. Адамнан айырмашылығы – аяламағанды аямайды.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Мұрат Әріпханов