«Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астанадағы Президенттік орталықта «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Олар «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс» және «Үздік баспа» секілді 9 номинация бойынша бақ сынаған. Ал «Жыл кітабы» аталымында өз оқулығын Абай Құнанбайұлының қара сөздері негізінде жазған Гүлмира Амандықова үздік деп танылды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Салтанатты рәсім аясында еліміздің өңірлерінен келген кітапханашылар мен баспа саласының өкілдері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Шарада Президенттің Ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев сөз алып, алдағы екі аптада Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған арнайы Жарлыққа қол қоятынын жеткізді. Бұған қоса елордада тоғызыншы рет «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда қазақтың Халық жазушыларының шығармалары ұсынылды. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні аясындағы шараларды Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды.

Гүлмира Амандықова, «Жыл кітабы» аталымының жеңімпазы:

- Мен өзімнің оқушыларыма Абайдың қара сөздерін түсіндіруге тырыстым. Түсіндіру барысында осындай ой келіп, Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің бейімделген нұсқасын ұсынып отырмыз. Бұл қазақ тілінің, қазақ елінің, халқының мәдениеті мен діліне кіріспе ретінде жазылған еңбек.

Дәулеткерей Кәпұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Былтырдан бері ел Президентінің пәрменімен Ұлттық кітап күні жарияланды. Сол мерекеміз біздің Халықаралық кітап көрмесімен сәйкес келді. Көрменің мақсаты не? Жалпы кітапты насихаттау, кітап оқу мәдениетін көтеру.