Қызылордада республикалық форум басталды

Қызылордада республикалық «Жастар және сайлау» форумы басталды.

Оған елдің әр өңірінен 400-ден астам жас сайлаушы қатысып жатыр. Тағылымды шара аясында Қорқыт ата атындағы университет студенттері Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен кездесті.

Еркін пікірталас форматындағы басқосуда сайлау жүйесінің қыр-сыры мен заңнамалық негіздері талқыланды. Мақсат — жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың қоғамдық процестерге деген сенімін нығайту, дейді ұйымдастырушылар. Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауды ұйымдастыру және сайлау органдарының қызметіне тоқталды. Сонымен қатар, жастардың электоралдық мәдениетін қалыптастыру сұрақтарына назар аударды. 

Форум аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен облыстық сайлау комиссиясы арнайы меморандумға қол қойды. Енді бұл оқу орнында «Сайлау құқығы» факультативті дәріс емес, негізгі пәндердің бірі ретінде оқытылады. Ең басты ерекшелігі — дәрісті теориядан гөрі тәжірибесі мол мамандар жүргізеді.

Айнұр Исаева, университет оқытушысы:

- Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында бірде-бір жоғары оқу орындарында сайлау комиссиясының мүшелігіне дайындайтын мамандық жоқ. Сондықтан біз 2023 жылдан бері құқықтану білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын студенттерге таңдау пәні ретінде «сайлау құқығы» деген дәрісті, пәнді енгіздік. Қазіргі таңда студенттер, міне, үшінші жыл қатарынан осы сайлау құқығы пәнін өтіп жатыр.

Оқу орнында «Жас сайлаушылар клубы» да ашылды. Бұл жастардың өз құқықтарын қорғап, саяси мәдениетті ілгерілетуіне арналған шынайы алаң болмақ, дейді студенттер. Клуб мүшелері сайлауда дауыс берудің болашаққа салынған инвестиция екенін өз замандастарына жан-жақты түсіндіруге ниетті.

Айғаным Қалиева, клуб мүшесі:

- Бұл осы жастардың сайлау, саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ. Біздің мақсат — осы белсенді, жауапты және саналы сайлаушылардың қатарын қалыптастыру. Және осындай мүмкіндік үшін мен алғысымды білдіремін. Болашақта жастардың ролі бұдан сайын артатынына сенімдімін.

Одан әрі онлайн-сауалнама мен сұрақ-жауап кезеңі жалғасты. Жас сайлаушылар сайлауды ұйымдастырудағы шетелдік тәжірибе, сайлауды цифрландыру, сайлау комиссиялары мүшелерін даярлау мәселелерін көтерді. Форум қатысушыларының айтуынша, мұндай шаралар жастардың саяси белсенділігін және ел болашағына бейжай қарамайтынын дәлелдей түседі.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин