М. Әшімбаев: Еліміздің транзиттік әлеуетін толық іске асыру қажет

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі – Еуразия арқылы өтетін сенімді бағыттарға сұранысты арттырды. 

Бұл тұста Қазақстан мүмкіндікті пайдаланып қана қоймай, жедел әрекет етіп, өз дәліздерін тұрақтылық пен жылдамдықтың эталонына айналдыруға тиіс. Парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы осылай деп, «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі мен Транскаспий бағытын тезірек жаңғырту керегін айтты. Мәулен Әшімбав сондай-ақ транзиттік үдерістерді цифрландыруды жеделдету қажеттігін атады. Бұдан бөлек, жиында теміржол, автомобиль жолдары мен порттық желілерде инфрақұрылымдық шектеулерді жою мәселесі де назарға алынды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Еуразия құрлығында транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтып, толыққанды көлік-логистикалық державаға айналуға тиіс екенін нақты айтқан болатын. Айтып келеді. Еліміздің осы саладағы әлеуеті әзірге толық іске асырылымай отырғаны жасырын емес. Нақты айтқанда Транзиттік мүмкіндіктеріміз жоғары болғанына қарамастан инфрақұрылым, сервис сапасы, рәсімдердің жылдамдығы бойынша мәселелер сақталып отыр. Сондықтан қазір жекелеген жобалар жиынтығы емес, бірыңғай ұлттық транзиттік жүйе қажет. Соңғы 5 жылда көлік-логистика кешенін және транзиттік әлеуетті дамытуға 13,5 трлн теңге қаржы және инвестиция салынды. Бұл жұмыс өз нәтижесін береді деп сенеміз.