Суданда азық-түлік бағасы он есе қымбаттады
Суданда азық-түлік бағасы шарықтап кетті.
Үш жылдан асқан қарулы қақтығыс ел экономикасын құлдыратып жіберді. Миллиондаған тұрғын күнделікті ас-cуға зәру. Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, климаттық өзгерістер жағдайды одан әрі ушықтырып барады.
Суданда күнкөріс қиындап, қарапайым азық-түліктің өзі көпшілік үшін қолжетімсіз болып тұр. Ұлттық валютаның құнсыздануы бағаны шарықтатып жіберген. Мәселен, бұрын мың судан фунтына бес құймақ сатып алынса, қазір ол ақша үшеуіне ғана жетеді. Жұмыссыздық пен тұрақты табыстың жоқтығы халықты одан сайын титықтатып жіберді.
Әли Абдалла Адам, жергілікті тұрғын:
- Халықтың жағдайы өте қиын. Көпшіліктің тұрақты табысы жоқ, әлеуметтік қолдаудан да қағылдық.
Тапқан табыстың өзі ең қажетті тауар түріне әрең жетеді. Оның өзінде өсімдік майын, қант, шай, кофе мен құрғақ сүтті аз-аздан алуға тура келеді. Астық тапшылығы да алқымнан алды. Өйткені егістік алқаптары бүлініп, суару жүйелері істен шыққандықтан ауыл шаруашылығы орасан шығынға батты.
Халифа Мұхаммед, жергілікті тұрғын:
«Бәрі қымбаттап кеткен. Өсімдік майы, қант, кофе, шай және құрғақ сүттің бағасы да шарықтап тұр. Мұндай қымбатшылыққа шамам жетпейді. Күн көру үшін қара жұмыс істеймін. Табыcым мардымсыз, ал бағалар аспандап барады».
БҰҰ дерегінше, Суданда 19 жарым миллионға жуық адам азық-түліктен тарығып отыр. Бұл елдегі бес тұрғынның екеуі ашқұрсақ деген сөз. Қуаңшылық пен Эль-Ниньо құбылысы да жығылғанға жұдырық болды. Салдарынан астық өнімі 40 пайызға қысқарған. Ал суармалы жерлердің төрттен үші жарамсыз күйде.
Кеннеди Игбокуэ, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Судандағы өкілі:
«Соғысқа Эль-Ниньоның салдары қосылып, жағдайды қиындатып жіберді. Былтырғы жылмен салыстырғанда астық өндірісі шамамен 40 пайызға азайды. Суару мәселесі де өткір тұр. Қазір суармалы жерлердің 75 пайызы пайдаланылмайды».
Азық-түлік дағдарысын Таяу Шығыстағы шиеленіс те ушықтырды. Себебі энергия тасымалдаушылар мен тыңайтқыштардың қымбаттауы өндіріс шығынын арттырған. Жанармай тапшылығынан наубайханалар мен басқа да кәсіпорындардың жұмысы тұралап тұр. Кей өңірлерде дизель отынын алу үшін тұрғындар сағаттап кезекте түруға мәжбүр.
Мохаммед Хасан Әли, наубайхана иесі:
«Таяу Шығыстағы қақтығыс бізге қатты әсер етті. Табиғи газ бен мазут қымбат. Жанармай бекеттерінде дизель отыны жиі таусылып қалады. Кейде үш сағат кезекте тұрсақ та жанармай ала алмай қайтамыз».
Судандағы қарулы қақтығыс 2023 жылдың сәуірінде басталған. Содан бері ондаған мың адам көз жұмды. миллиондаған тұрғын босқын күйін кешуде. Онсыз да ауыл шаруашылығымен жан бағып отырған елде гуманитарлық дағдарыс күшейе түсті. Сарапшылар елдегі қақтығыс тоқтамайынша, азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылық мәселесін түбегейлі шешу қиынға соғатынын айтады.