Елде жалақы бойынша берешек 36 пайызға азайды
Сөйтіп 876 млн теңгеден 554 млн теңгеге дейін қысқарды. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы мәлімдеді.
Мейрамбек Ахметов мемлекеттік бақылау шеңберінде 17,5 мыңнан аса қызметкердің құқығы қорғалғанын айтты. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында азаматтардың 16 726 өтініші қаралып, 1 723 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Олардың нәтижесінде 2 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 1 100-ден астам ұйғарым берілді, сондай-ақ жалпы сомасы 136 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.
Мейрамбек Ахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы:
- Мемлекеттік бақылау шеңберінде қабылданған шаралар нәтижесінде 17,5 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Комитет мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру функциясын күшейткенін нық айтуға болады. Мысалы, былтыр осы кезеңде 11 мың азаматтың еңбек құқығы қорғалған.