Оралда ауыл әкімдерінің форумы өтті
Оралда ауыл әкімдері бас қосты, «Ауыл – ел тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты форумда ауылдағы агроөнеркәсіпті, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғын үй мен әлеуметтік қамтуға қатысты ұсыныстар айтылды.
Форумға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мен өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
Ауыл әкімі – атқарушы биліктің жергілікті жердегі негізгі өкілі. Ауылды абаттандыру, жұмысссыздықты азайту, кәсіпкерлікті дамыту, қылмыстың алдын алу т.б өзекті мәселелер аз емес. Оларды шешу жолдарын әр әкім өзінше іздестіреді. Мысалы, Қарауылтөбе ауылының әкімі кәсіпкерлермен келісіп, ірі бес компанияны ауылға тіркеткен.
Жәнібек Әбіров, Қарауылтөбе ауылының әкімі:
- Теңізде, Қарашығанақта ет, құс, балықпен қамтамасыз ететін компаниялардың салығын пайдаланамыз. Ауданның салық базасын көбейтеді, жоспарын орындайды. Қазір бес компания бар, тағы енді үш компанияны тіркеуге келіссөздер жүргізіліп отыр. 2025 жылы 263 миллион салық түсірдік.
Форумда әкімдер өз бастамаларын айтып, тәжірибе таратты, ақпарат алмасты. Облыста 159 ауыл әкімі болса, барлығы сайланған. Басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Сондықтан «AMANAT» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» қолға алынды. Форумда сөз алған облыс әкімі азаматтардың әл ауқатын жақсартуда ауыл әкімдерінің рөлі ерекше екенін атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Президент: «Халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше», - деп атап өтті. Расында да, Сіздер, ауыл әкімдері, ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші ретінде өте жауапты міндетті орындап келесіздер. Осы орайда бүгінгі форум пайдалы алаңға айналады деп сенемін.
Форумда тың бастамаларымен таңғалдырып, қызметімен ерекшеленген ауыл әкімдері марапатталды.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов