Астанадағы сапасыз салынған тұрғын үйге тұрғындар наразы

Сапасыз салынған тұрғын үйдің қиындығын қараша тартып отыр. Бас қаладағы «Рио-до-Жанейро-2» тұрғын үй кешенінің халқы арнамызға хабарласып, көмек сұрады. 

Олар алаң көңіліміз елең болып отыр дейді. Себебі баспанада өрт қауіпсіздік шаралары қаралмаған, тіпті су есептегіш құрал орнатылмапты. Ал тоқ желісі көмілмей ашық жатыр. Жауапты «G-PARK» құрылыc компаниясы олқылықтың орнын толтыруға құлықсыз көрінеді. 

Бұл бас қаладағы маңдайалды баспаналардың бірі – «Рио-до-Жанейро 2» тұрғын үй кешені. Қоныс жайда 1 134 пәтер бар. «Сәніне салтанаты сай болады деп сатқан «G-PARK» құрылыс компаниясы баспананы сапасыз салған», - дейді тұрғындар. Мұндағы мыңдаған баспана иелерінің мұңы бір. Айталық, қолданысқа қосылғанына екі жыл өтсе де тоқ желілері әліге дейін көмусіз жатыр. «Ойын балалары байқаусызда ұстап қалып, тоққа түсеме деп қорқамыз», - дейді қараша. 

Раушан Махметова, «Рио-до-Жанейро 2» Тұрғын үй кешені мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Осы үйде КТП жоқ. Мынау тұрған сымдар сыртта да, іште де бар. Өте қауіпті. Бізде қаншама бала тұрады. 1 134 пәтер бар осы тұрғын үй кешенінде. Үнемі кернеу түседі. Бір өшеді, бір жанады. Биыл міне, қыс бойы жарық өшіп тұрды. 11-12 сағат, 5-6 сағат біз жарықсыз отырамыз. 

Ал алда-жалда өрт шығатын болса, баспанада қауіпсіздік шаралары қаралмаған. Арнайы дабыл жүйесі жоқ. Ал «G-PARK» құрылыс компаниясы өртке қарсы құрылғыларды орнатуға құлық танытпай тұр. Өткенде өрт шығыпты. Абырой болғанда адам аман. Ал апат айтып келмейді, қайтып келуі бек мүмкін. «Шошынғаннан шақшадай басымыз шарадай болды», - дейді бұқара.

Жанар Қалиева, «Рио-до-Жанейро-2» ТК тұрғыны:

- Өрт қауіпсіздігі туралы ешқандай құрылғы қойылмаған. Бұл үйде дабыл қаққыш мүлде жоқ. Егер өрт шығатын болса, дабыл мүлде ойнамайды. Көліктердің өзі өте алмайды. Өйткені бізде тұрақ та жоқ. Көліктер қалай болса, солай тұр. 

Мұнымен тұрғын үйдегі түйткіл түгесілмеді. Ең сорақасы, «G-PARK» компаниясы кешенге су есептегіш құрылғыларды қоймай кеткен. Енді ел өз қалтасынан орнатуға мәжбүр. Оның шығыны шашетектен. Ал ондайды көпшіліктің қалтасы көтермейтіні белгілі. 

Ғалымжан Ахметов, «Рио-до-Жанейро-2» ТК тұрғыны:

- Су есептегіш құралдары қойылмаған. Сот шешімімен бізге су есептегіш құралдарын құрылыс компаниясы қойып беру керек. Мысалы, өзім ипотека төлеймін, үш бөлмелі үй бар, сол үш бөлмелі үйге үш нүкте қою керек маған. Ал бір нүктеге су есептегіш құралдарын қою 200 мыңнан артық, бір үйге 1 млн-ға жақын ақша төлеу керек, мен олы қалай төлеймін? Төлеуге мүмкіндігім де жоқ.

Дегенмен судың да сұрауы бар. «Астана Су Арнасы» мекемесінің мамандары осылай дейді. Есептегіш құрал құрылмағандықтан тұрғындардың тұтынған тіршілік көзіне төлем алынбай отыр. Бұлай болмайды деген жауаптылар пәтер иелерін тезірек есептегіш құрылғыларды орнатуға шақырады. 

Әзиза Аманбекова, «Астана Су Арнасы» МКК өткізу қызметі басшысының орынбасары:

- Тұрғындардың айтуынша, құрылыс салушы оларға су есептегіш құралдарын орнатпаған. Бұл мәселе азаматтық-құқықтық қатынасқа сәйкес құрылыс салушы мен тұтынушы, яғни пәтер иелері арасында шешілуі тиіс. Алайда қазіргі таңда табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес әрбір тұтынушы су есептегіш құралымен қамтамасыз етілуі міндетті.

Жұрттың жан айқайын жіпке тізіп, жергілікті әкімдікке хат жолдаған едік. Жауаптылардың жауабы мынадай. Хабарламада құрылыс компаниясына ескерту берілді, дегенмен талап орындалмады деумен шектелген.  

Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы

Биыл 8 сәуірде барлық мүдделі тараптардың, соның ішінде қалалық прокуратура өкілдерінің, құрылыс компаниясының және «Rio de Janeiro–2» тұрғын үй кешенінің бастамашыл тұрғындар тобының қатысуымен жұмыс кездесуі өткізілді. Кездесу барысында құрылыс салушы жүргізіп жатқан жұмыстар мен уәкілетті мемлекеттік органдар мен қызметтердің проблемалық мәселелерді шешу үшін қабылдап жатқан шаралары жөнінде түсініктеме берілді.

Құрылысқа жауапты «G-PARK» компаниясына да хабарласқанбыз. Хатымызға кері жауап қайтпады. Өрт қауіпсіздігі қақында Төтенше жағдайлар департаментіне де сұрау салдық. Төтеншеліктер де тіл қатпады. Дегенмен жабулы қазан жабулы қалмайтыны белгілі. Мәселені бақылауда ұстаймыз. 

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Абдулхамит Бөлекбаев, Диас Қобланбаев