Тарихи жерлерге электронды билетпен кіреді
Енді туристер Тараздағы тарихи-мәдени нысандарға электронды билет арқылы кіре алады.
Жаңа жүйе әзірге республикалық маңызы бар Қарахан баба және Айша бибі кесенелеріне енгізілді. Алдағы уақытта ол облыстық маңызы бар ескерткіштерде де іске қосылады. Жауаптылардың айтуынша, бұл жүйе тарихи нысандарға келушілер санын нақты есептеп қана қоймай, оларды қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Жалпы өңірде 3 400-ден астам тарихи мұра нысаны бар. Оның 65-і туристік бағытқа енгізілген. Әрқайсысына жыл сайын 6 мыңнан астам турист келеді. Сондықтан тарихи жәдігерлерді сақтау – аса маңызды міндет. Тарихшылардың пікірінше, қабылданған жаңа заң нормасы тарихи және мәдени мұраны қорғауға және тұрғындардың ескерткіштерге ұқыпты қарауына оң әсер етеді.
Ескендір Төрбеков, тарихшы-археолог:
- «Қазақстан азаматтары тарихи-мәдени мұраны сақтауға және ескерткіштерге ұқыпты қарауға міндетті» деген норма қабылданды. Бұл – өте маңызды қадам. Енді тек мамандар ғана емес, барлық тұрғындар тарихи нысандарға жауапкершілікпен қарайды деген сенім бар. Себебі тарихи-мәдени ескерткіштер – патриоттық тәрбиенің негізі. Тарихын құрметтеген адам өз мәдениеті мен дәстүрін де бағалайды. Сондықтан бұл талаптың Конституцияда бекітілуі – мұраны қорғаудың мемлекеттік деңгейде маңызды екенін көрсетеді.