Жамбыл облысында 350 азаматқа заңгерлік көмек көрсетілді

Биыл Жамбыл облысында адвокаттар 350-ден астам тұрғынға құқықтық көмек көрсетті. Заңгерлер жәбірленушілердің құқығын қорғап, түрлі даудың түйінін тарқатуға атсалысты, деп хабарлайды 24KZ.

Саламат Дүйсенбековтің заң саласында еңбек етіп жүргеніне 20 жыл болған. Осы уақыт ішінде ол жүздеген істі қарап, талай адамның құқығын қорғады. Тәжірибелі маман әр істің мән-жайын мұқият зерттеп, жағдайды жан-жақты талдайды. Оның айтуынша, кейбір мәселелер медиация арқылы шешілсе, енді бірі ұзаққа созылады.

Саламат Дүйсенбеков, заңгер:

– Аптасына 3-4 сот отырысына қатысамыз. Әртүрлі істерді қараймыз. Кейде арызданған адамның құқығын қорғасақ, кейде оған қарсы тараптың мүддесін қорғаймыз. Қылмыстық істердің де өз қиындығы бар. Ондайда түрлі сараптама жасалып, істің мән-жайын анықтау үшін көптеген өтініш беріледі.

Саламат Дүйсенбековтің көмегіне жүгінгендердің бірі – Сайфулла Хабибуллаев. Бір жыл бұрын оның танысы пәтерін сатып, түскен ақшаға кәсіп ашуды ұсынған. Бірақ баспана сатылған соң ақшаны алып, хабарсыз кеткен. Заңгердің көмегімен Сайфулла баспанасын кері қайтарып алды.

Сайфулла Хабибуллаев, қала тұрғыны:

– Қазіргі заманда алаяқтар көп. Алаяқтар көп болғандықтан бізге заңгерлер керек. Құр ақшаны жан-жаққа шашпай, осы заңгерлермен ақылдасып, кеңесімен алаяқтарға алданбай жұмыс жасау керекпіз. Өзім де қазір заңгерге жүгініп, пәтерімді қайтарып алдым. Қазір өзім сол жерде бала-шағаммен тұрып жатырмын.

Ал Дәметкен Көшекова құжатындағы бір әріптің қате жазылуына байланысты мұрагерлік құқығын рәсімдей алмаған. Адвокаттың көмегіне жүгінгеннен кейін анасы қалдырған баспанаға қол жеткізді.

Дәметкен Көшекова, қала тұрғыны:

– Бір айдың төңірегінде бар материалмен сотқа істі жеткізбей, бәрін орын-орнымен бітіріп берді. Негізі заңгерлердің ішіндегі заңгерлер болады. Соны білу керек. Барлық заңгерлер бірдей емес. Нақты заңгерлерге барып жүгінген өте жақсы.

Жыл басынан бері Жамбыл облысының адвокаттары 350-ден астам іске құқықтық көмек көрсеткен. Олар азаматтық дауларды шешуге, отбасылық мәселелерді реттеуге және тұрғындардың құқығын қорғауға көмектеседі. Мамандардың айтуынша, әр азаматтың заңгерден кеңес алып, өз құқығын қорғауға толық мүмкіндігі бар.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев

Сондай-ақ оқыңыз: