Президентке жауапты мемлекеттік орган басшылары атқарылған жұмыс жайында баяндады
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына шаһарды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру, сондай-ақ қолайлы және қауіпсіз қала қалыптастыру бағытында қолға алынған шаралар жөнінде мәлімет берді.
Оның айтуынша, биыл елордада 173 орынға 1,1 миллион түп ағаш егу жоспарланып отыр. Негізгі жобалардың бірі – тұрғындар көп келетін «Самал» саябағы. Аталған аумақ отбасылық демалысқа, спортпен шұғылдануға және мәдени іс-шараларға ыңғайлы кеңістік ретінде жобалануда. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» акциясы басталған екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын жеткіздІ, Осы уақыт аралығында 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысады. Елді мекендерде бес жыл ішінде 18,4 миллион ағаш егілді. Алдағы уақытта 46 экоаумақ құрылады. Сондай-ақ іс-шараға өңір әкімдері, кәсіпорын басшылары, экобелсенділер бейнебайланыс арқылы қосылып, жалпыұлттық экологиялық акция аясында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.