Ақтауда 8 мың түп көшет егілді
Бүгін Маңғыстау облысында 8 мың түп көшет егілді. Саябақтар мен көшелерді көгалдандыруға 100 мыңнан астам адам үлес қосты.
Ақтаудағы орталық саябаққа жеміс ағаштары мен гүл егуге жүздеген тұрғын қатысты. «Жасыл болашақ» атты шара аясында өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға белсене атсалысқан бір топ азамат 10 аталым бойынша марапатталды.
Ақтаудың орталық саябағына 500 түп тал көшеті егілді. Қаланы көгалдандыруға мемлекеттік қызметкерлер, мұнайшылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен еріктілер атсалысты. Қарағаш, шаған секілді жасыл желек Маңғыстау тәжірибелік-ботаникалық бағында өсірілген.
Әсел Балманова, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Сол бақтың сынағынан өткен, яғни Маңғыстауға жерсінетін ағаштардың барлығын осы алаңнан көруге болады. Осы жерге жас суретшілеріміз де келіп отыр. Табиғат аясында салынған суреттер, сонымен қатар табиғатты көрсететін суреттердің барлығын біз осы жерге келіп отырған 10 номинатымызға деген сыйлығымыз бар.
Аймақта 23 наурызда экобайқау жарияланды. Сайыс «Экобренд», «Экобатыр» секілді 10 аталым бойынша сараланды. Қоқысқа тасталған шыны бөтелкелерді күнделікті қолданатын ыдысқа айналдырған Асар есімді бойжеткен «Экостартап» аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ Ақтауда шағын саябақ еккен Гүлайым Қибастың әулеті «Экожанұя» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Асар Қойсары, қала тұрғыны:
- Қалай дұрыс өңдеу керектігін әлі күнге дейін оқып, біліп келе жатырмын. Енді осыларды саттыққа шығарып, жалпы халқымызға экобизнесті бастауға болатынын, және ол табысты болатынын көрсеткім келді.
Гүлайым Қибас, қала тұрғыны:
- Шағын бір бақ ектік. Жеріне, суына ақшасын өзіміз төлейміз. Тек қана Үкіметтің шараларын күтпей әр адам, әр елдің тұрғыны өзінің үлесін берсе осы әлемге, жақсы деп ойлаймын.
Қоғамды тазалық сақтауға үндеп жүрген азаматтарды марапаттау шарасын тамашалаған соң көпшілік саябаққа балалар жасаған құс ұяшықтарын орнатты.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев