Жетісу облысында апатты үй тұрғындарына 180 пәтер беріледі

Жетісу облысының Сарыөзек ауылында 32 үйдің тұрғындары апатты деп танылған баспанада өмір сүріп жатыр.

Екі қабатты ғимараттар Түрксіб теміржолы салынып, станция құрылғаннан кейінгі жылдары бой көтерген. Қазір нысандар әбден ескіріп, іргетасы сазды жерге бата бастаған. Тұрғындарды алаңдатқан басты мәселе қалай шешіледі?

Гүлбадан Бектұрова үш бөлмелі пәтерін пеш жағып жылытуға мәжбүр. Себебі тозығы жеткен бұл үйлерде орталық жылу жүйесі атымен жоқ. Тұрғындар кәріз суын да шелекпен шығарып арыққа төгеді. 

Гүлбадан Бектұрова, Сарыөзек кентінің тұрғыны: 

- Үйдің жағдайы осы. Фундаменті отырып жатыр. Төбесінен су ағады. Кімге айтамыз оны нетіп бер деп. Мына жердің әкімдеріне барып айттық. Ой оның бәріне біздің шама жоқ дейді. Сіздердің үйлеріңіз сносқа кетеді. Үй алады,- дейді. Сонымен төрт бес жыл болды отырмыз. 

Аудан орталығында екі қабатты 50 шақты ескі үй бар. Соның 32-сі тұруға жарамсыз деп танылған. Сондықтан баспаналарға инфрақұрылымдық желілер де тартылмайды.

Дариға Әлімбаева, Сарыөзек кентінің тұрғыны:

- Бізде условие жоқ. Слив жоқ. Туалет жоқ, бәрі далада. Су әйтеуір ішінде бар. Под снос кетеді деп айтқан. Бізде үйде мына жақтың бәрі. Енді кетсе беретін шығар деп ойлаймыз. Соны енді күтіп отырмыз білмеймін  қалай болады екен.

Өзекті мәселені шешу үшін аудан орталығында екі жыл бұрын 60 пәтерлі үй салынған. Баспанамен қамту ісі биыл да жалғасады.

Айгүл Мүстекбаева, Кербұлақ аудандық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:

- 2025 жылы көп қабатты 60 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бүгінгі күні ол дайын тұр. Халыққа беруге. Сонымен қатар ағымдағы жылы бір тұрғын үйдің құрылысы басталды. Апатты деп танылған азаматтарға беріледі. Кезекте тұрған. Барлығы сонда 180 үй. 248 пәтердің 180 пәтерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге толық дайынбыз.  

Жетісу облысында соңғы төрт жылда жаңадан 400-ден астам пәтер апатты үй иелеріне тапсырылған. Дегенмен, өңір бойынша әлі де 342 отбасы жаңа баспанаға көшіруді қажет етеді. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов