Астанада веломаусымның ашылу салтанаты өтті
Бас қалада басқосқан велошабандоздар маусымашар мезеттің құрметіне шеруге шығып, 21км қашықтықты жүріп өтті.
Алпысты алқымдаған астаналық ақсақал Елеусіз Пардабай жастайынан жүгіріп, суда жүзгенді жақсы көреді. Ал велосипедке кейінірек қызығушылық танытыпты. Бүгін марафонға арнайы қатысты. Салауатты өмір салтын серік еткен ол жастарға үлгі болғысы келеді.
Елеусіз Пардабай, марафоншы:
- Жастармен бірге волосипед айдау, жастармен бірге жүзу ширақ болуға, сергек болуға, белсенді болуға көмектеседі. Ең бастысы қоғамға, жастарға мен үлгі көрсетемін. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану мен үшін тәртіп.
Ал алты жастағы Абдусаматты велошеруге әжесі алып келіпті. Арманы олимпиада жеңімпазы болу. Сол үшін шынығып жүр, олимп шыңына шығатынына сенеді.
Абдусамат Самат, марафоншы:
- Мен Велоцент Астанаға 3 жасымнан бастап барып жүрмін. Ағалар маған алтын медаль берді. Веломарафонға әжеммен бірге қатысып жатырмын. Жасым алтыда. Жетіге толамын.
Бас-аяғы шараға 700 астам адам қатысты. Мәре сызығын кесіп өткендерге арнайы сыйлықтар берілді. Басты мақсатымыз бұқаралық спортты дамыту, - дейді ұйымдастырушылар.
Ержігіт Өсербай, Астана қалалық Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
- Бұл іс-шара, веломаусымның ашылуы жыл соңына дейін жалғасын табады. Осымен тоқтап қалмаймыз. Сонымен қатар жазғы уақыттарда далада, табиғат аясында жүгіру жарыстарын жиі ұйымдастырып тұрамыз. Астана қаласының 42 пайыз тұрғыны бұқаралық спортпен айналысып жатыр. Бұдан да жоғары өседі деген ниеттеміз.
Маусым бойы мұндай 400-ге тарта марафон өтеді. Барлығы 500 мыңға жуық жан қатысады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Самат Қазанбаев