Балалар лагерьлері ескертусіз тексеріледі: бақылау күшейтілді

Фото: depositphotos.com

Жазғы маусым қарсаңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар лагерьлеріндегі санитариялық бақылауды күшейтті, деп хабарлайды «24kz»

Енді лагерьлерге тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Бұл нысандардың нақты жағдайын бағалап, формалды дайындықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Негізгі талаптар қатарында аумақтың қоршалуы, таза ауыз су, кәріз жүйесі, жарық пен желдету, күнделікті тазалық жұмыстары бар. Сондай-ақ лагерьлерде бес мезгіл тамақтану мен медициналық қызмет ұйымдастырылуы тиіс.

Шомылатын орындарда су мен топырақ сынамалары тексеріліп, маусым бойы олардың жағдайы тұрақты бақылауда болады.

2026 жылдың екінші жартыжылдығында мемлекеттік қаржыландырумен жұмыс істейтін барлық лагерьлер ерекше тәртіппен тексеріледі. Сонымен қатар жоспарлы тізімге енбеген нысандар да қосымша бақылауға алынады.

Министрлік лагерь иелеріне санитариялық талаптарды қатаң сақтауды ескертсе, ата-аналарға тек ресми тізімдегі, рұқсаты бар лагерьлерді таңдауға кеңес береді.

Биыл елде 199 балалар лагері жұмыс істейді: оның 20-сы жыл бойы, 179-ы маусымдық.