Жазғы сауықтыру лагерьлеріне талап күшейді

Бұдан былай балаларға арналған сауықтыру лагерлері лицензия алуы тиіс. Бұрын бұл құжат тек бір жылға берілсе, ендігі мерзім 5 жыл болады.

Бұрын-соңды болмаған қатаң бақылау 1 сәуірден бастап күшіне енді. Лагерьлерге қойылатын жаңа талаптар қандай? Бұл өзгеріс балаларға арналған сауықтыру орындарының бағасын қымбаттап жібермей ме? 

Былтыр елде мектеп жанындағы 10 мың және қала сыртындағы 200-ге жуық лагерьге 3 миллионнан астам бала барған. Алайда бірқатары санитарлық талаптарға сай болмай шықты. Бірінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Енді бірінен заңсыз заттар табылды. Содан болса керек, қазір ата-аналар балаларын легерьге беруге тартынатын болған. 

Осындай олқылықтардан соң Оқу-ағарту министрлігі лагерлерге ортақ талап қойды. Лицензияның қолданылу мерзімі бір жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Атап айтқанда, оқушыларға арналған орындардың бағдарламалары бекітілуі керек. Кадрлық талаптар, медицина мәселесі, тамақтану нысанының болуы шарт. Инфрақұрылым, санитарлық талаптар, ауыз су, қауіпсіздік талаптары сақталуы тиіс. Ережені елемеген орталықтар жабылатын болады. 

Алтай Рахимберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы:
-
Қабылданған шаралар балалардың демалысы, оқуы және сауықтыруы үшін қауіпсіз әрі сапалы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде сауықтыру білім беру қызметтерін көрсетудің бірыңғай стандартын қалыптастырады.

Десе де жаңа өзгеріс бәріне жақпауы мүмкін. «Министрлік бекіткен ережелерді бірқатар лагерлер жазғы демалыс уақытына дейін орындай алмай қалу қаупі бар», - дейді депутат.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сол себептен осы жазда кейбір лагерлер уақытша жабылып қалуы мүмкін. Мұны да біз мойындауымыз керек. Өйткені бір қалыпқа келтіру үшін уақыт өту керек. Мысалы, лагерлерді лицензиялауға келген кезде біз нақты ережелерді жүзеге асыру үшін уақыт беруіміз керек. Сол себептен бизнеске әрине, сабырлық тілегім келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынуы тиіс 50 лагердің құрылысы жүріп жатыр. Оның 14-і пайдалануға берілсе, қалғаны кезең-кезеңімен ашылмақ. Білім басқармаларының дерегінше, сауықтыру орталықтарының құны демалыс уақытына байланысты 130-220 мың теңге аралығында болады.