Жазғы демалысқа дайындық пысықталды

Биыл демалыс іс-шараларымен 3,2 млн бала қамтылады. Бұл – елдегі оқушылардың жалпы санының 86,2 пайызы. 

Жазғы кезеңде балалардың демалысы жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта, мектептер мен мектептен тыс ұйымдар жанындағы 10894 мекемеде ұйымдастырылады. Биылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі білім беру-сауықтыру орталықтарын лицензиялау тәртібін жаңартты. Ол енді меншік нысанына қарамастан, ұйымдарға «Электрондық үкімет» порталы арқылы 5 жыл мерзімге берілетін болады. 1 мамырға дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен республикалық штабтың отырысында айтылды. Жиынға Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрлері мен Ішкі істер министрінің орынбасары, сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Аида Балаева жазғы науқанға дайындық барысы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, медициналық көмек және каникул кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша қатысушылардың ақпаратын тыңдады. Бүлдіршіндердің тынығуын сапалы ұйымдастыру басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Бұл бағыт барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктерінің үйлесімді жұмысын талап ететінін айтты.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Білім бағдарламаларын енгізіп тұрмыз. Бұған дейін білім бағдарламалары мүлде қарастырылмаған. Тек қана ойын-сауық және демалыс деп қарастырылған. Биыл алғаш рет біз білімді қосып тұрмыз. Яғни балалар келген бетте тест тапсырып, өздерінің әлсіз тұстары бойынша үлгермей жатқан тақырыптарын үйренуге мүмкіндік қарастырғымыз келді.

Балалардың жазғы тынығу кезіндегі ас-ауқатына да баса назар аударылған. Қазіргі уақытта қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, жаңа стандартқа сәйкес балалар сауықтыру ұйымдарына арналған перспективалық мәзір нұсқалары әзірленіп жатыр. Бұл жұмысты осы жылдың 10 мамырына дейін аяқтау жоспарланған. Премьер-министрдің орынбасары жазғы демалыс қауіпсіз, сапалы, танымдық әрі сауықтыруға бағытталған болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен бірге жазғы демалысты оқу процесінің жалғасына айналдырмау маңызды. Барлық тәрбие, экологиялық, мәдени және білім беру іс-шаралары балаларға қызықты, ойын түрінде әрі түсінікті форматта өткізілуі қажеттігі айтылды. Аида Балаева өңірлік штабтардың республикалық штабпен тығыз өзара іс-қимыл жасауы қажет екенін тапсырды. Бұл ретте үйлестіру жұмыстары мемлекеттік лагерьлерді де, жеке меншік балалар лагерьлерін де қамтуға тиіс.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жазғы маусымға дайындық аясында министрліктер алғаш рет лагерьлердегі медициналық қызметті лицензиялау бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі.  Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, жаңа тамақтану стандарты талаптарына сәйкес балалар сауықтыру ұйымдарына арналған мәзір нұсқалары әзірленіп жатыр. Олар 10 мамырға дейін бекітіледі деп жоспарланып отыр. Мәзір ұсынымдық сипатта болады, алайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, өңірлерде пысықталуы тиіс.