Алдағы 10 жылда 14 кәсіп түрі жойылады
Елде 2035 жылға қарай 46 кәсіп түрі қысқарып, 14 мамандық мүлдем жойылуы мүмкін.
Осылайша, Еңбек нарығының 44 пайызы жасанды интеллект ықпалынан үлкен өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы бүгін Үкімет сағатында Мәжіліс төрағасының орынбасары мәлімдеді. Жиында Ғылым және Жоғары білім министрі еңбек нарығын білікті мамандармен қамтамасыз етудің негізгі тетіктеріне тоқталды. Саясат Нұрбектің айтуынша, Өңірлік атластар экономиканың 27 саласын қамтып, жасанды интеллект, цифрландыру, орнықты даму және автоматтандыру бағыттарында жаңа кәсіп қалыптасып келеді. Ал бірсарынды еңбектің рөлі күннен-күнге төмендеп, жаңа технология жылдамдығына ілесе алмай жатыр.
Ғылым және Жоғары білім министрінің сөзінше, елімізде маман даярлау жүйесі қазір қайта құру кезеңіне өтті. Ұлттық білім кеңістігін дәуірдің дүлей технологиялық толқынымен үндестіріп, жаңғырту үшін Министрлік алты бағыт бойынша жұмыс қарқынын үдетуді көздеп отыр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Біріншіден, OpenAI компаниясымен бірігіп, біз қазір профессорларымызды оқытып жатырмыз. 17 сәуірден басталды. 40 мың жаппай 100 пайыз оқытушылар 20 мыңға жуық ғылыми институттың қызметкерлері және 2 мыңға жуық бүкіл ректорлар, проекторлар, декандар, кафедра меңгерушілерінің бәрін жаппай оқытып жатырмыз. Бұл жерде бір нәрсеге көзіміз жетті. Студенттер жасанды интеллектіні тез меңгеріп алды. Негізі ортада қалып қалған ол оқытушылар. Сондықтан оқытушылардан бастадық біз. AI-Sana деген бағдарламаны енгіздік.
Сондай-ақ құзырлы орган ETS ұйымымен бірлесіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңғыртпақ. Жоғары оқу орындарының қызметін нақты бағалау мақсатында университеттердің цифрлық ұлттық рейтингін іске қосу да күн тәртібіне қойылған. Десе де саланың кемшін тұстары да жоқ емес.
Тілеген Қаскин, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі:
- 2022 жылы басым бағыттар бойынша 9 мыңнан астам грант, оның ішінде 6 мыңнан астамы — инженерлік мамандықтар бойынша, ал шамамен 3 мыңы — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында талап етілмей қалған. Жоғары оқу орындары жыл сайын шамамен 20 мың IT-маман даярлайды, алайда олардың тек 30%-і ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бұл тек гранттар санына ғана қатысты мәселе емес, сонымен қатар болжау сапасына, білім беру бағдарламаларына және жұмыс берушілермен өзара байланысқа да қатысты.
Бұған қоса, Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі 2023-2024 жылдары жұмысқа орналасу шегі 63 пайыздан төмен көрсеткішке ие 67 ЖОО-на 246 гранттың бөлінгенін де атап өтті. Бұрын оқудан шығарылған азаматтарға гранттарды қайта тағайындаудың 33 жағдайы анықталғаны, олардың жалпы сомасы 85 млн теңгені құрағаны да белгілі болды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Негізгі мемлекеттік тапсырыс Еңбек министрлігінің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді болжау механизмдеріне негізделген. Сол болжауды жасайды. Оның ішінде демографиялық үрдістері бар, демографиялық талаптары бар, өңірлік, салалық талаптары бар. Соны бізге береді. Біз соған сәйкестендіріп, мемлекеттік тапсырысты пысықтаймыз. Алайда өкінішке қарай, ол жеткіліксіз. 3-4 жылдың ішінде түбегелейлі бәрі өзгеріп кетті. Сондықтан осы жылдан бастап мемлекеттік тапсырыста сауалнама ескерілетін болады.
Ал депутат Асхат Аймағамбетов: «Елімізде цифрландыру үрдісі жанданғанымен, іс жүзінде бюрократия әлі де азайған жоқ, ол тек қағаздан электронды форматқа ауысты», - дейді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Профессор жаңа құралдарды қашан игермек? Оған уақыт та жоқ, материалдық стимул да жоқ, методикалық қолдау да жетіспейді. Соның салдарынан, бүкіл жоба жай ғана есеп беру жүйесіне айналуы мүмкін. Университеттер «100 пайыз қамтыдық» деп, жүздеген мың сертификаттармен мақтанудан, нақты құзыреттілік жетерліктей өспейді. Енді жасанды интеллектпен жұмыс істеуді қамтымаған диплом адамның төрт жыл бойы тек ғимаратқа барып-келгенін растайтын қымбат анықтама ғана болмақ.
Мемлекет басшысы Қазақстанды технологиялық қуаты мол, ғылыми әл-ауқаты жоғары елге айналдыру міндетін қойғаны мәлім. Межеге жету үшін жоғары оқу орындары сандық технологияның соны тетіктерін тиімді пайдаланып, білім беру бағдарламаларын түбегейлі түрде жаңғыртуы шарт. Бүгінгі Үкімет сағатында айтылған әңгіме кейін үнсіз күйде қалмасына күдіктен үміт басым.
Авторлары: Назым Кенжебай, Ақылбек Есімсейітов