Жоғары сот кеңесі 33 үміткерге ұсыным берді
Жоғары сот кеңесінің алқалы жиынында сот жүйесінің қызметіне қатысты кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелері қаралды.
Биыл қаңтардың аяғында жарияланған аудандық соттардың 46 бос судья лауазымына арналған конкурсқа 238 үміткер қатысқан. Байқау қорытындысы бойынша 33 кандидатқа ұсыным берілді. Ақпанның басындағы аудандық және оларға теңестірілген соттар төрағаларының 94 бос орнына 317 кандидат өтінім берді. Нәтижесінде 46 үміткер іріктелді. Кеңес республика соттарының 39 судьясын қызметтен босатуды ұсынды. Оның 28-і отставкаға шығуына байланысты үшеуі зейнетке кетуіне орай төртеуі өз өтініші бойынша және 4 судья Сот жюриінің шешімі негізінде босатылады.
Самат Кененбаев, ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі:
- Мұқият іріктеу нәтижесінде белгіленген талаптарға толық сәйкес келетін кандидаттарға кеңес тарапынан ұсыным берілді. Кеңестің басты назары соттардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін бос лауазымдарды жедел әрі сапалы түрде толықтыру. Сонымен қатар отырыста жекелеген соттардағы судьялар саны, судьялардың өтініштері, қызметте болу мен отставкаға шығуға байланысты кадрлық мәселелер қаралды.