Қазақстанда «Әділетті Орта» орталығы құрылды
Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетін «Әділетті Орта» орталығы құрылды. Мұнда тұрғындарға құқықтық кеңес беріліп, дауларды сотқа жеткізбей шешуге қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа құрылым «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған. Орталық өтініштерді қараумен қатар, жиі кездесетін мәселелердің себебін анықтап, заңдарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Бұл туралы алғашқы отырыста айтылды. Алдағы уақытта бірыңғай байланыс орталығын ашу да жоспарланған. Жиында заңдарды Конституция талаптарына сәйкестендіру мәселесі де талқыланды. Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың айтуынша, осы мақсатта 173 заңға редакциялық түзетулер әзірленген. Қатысушылар заңдардағы кемшіліктерді анықтап, азаматтардың мәселелерін шешу үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Абзал Құспан, заңгер:
– «Әділетті Орта» талдау орталығы бүгін алғашқы отырысын өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – орталықтың жұмыс тәртібі мен алдағы жоспарларын таныстыру. Біз депутаттармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Оларға халыққа сапалы қызмет көрсету үшін әдістемелік және құқықтық тұрғыдан қолдау көрсететін боламыз.