Қазақстан-БАӘ: стратегиялық серіктестік нығаяды

Қазақстан мен Біріккен Араб әмірліктерінің өзара тауар айналымы былтыр 290 млн долларға жетті. 

Осы уақыт аралығында бұл мемлекеттен ел экономикасына 1,6 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды.  Бірлескен бастамалар Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Абу Дабиге ресми сапары кезінде талқыланды. Ведомство басшысы әріптесі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен кездесіп, жоғары деңгейдегі саяси диалог пен бауырластық байланыстарды тереңдету турасында келіссөз жүргізді. Тараптар сондай-ақ сауда, инвестиция, көлік, инфрақұрылым, логистика және жасанды интеллект бағытында жаңа мүмкіндіктер ашуға бейіл екенін растады. Бұдан соң ресми делегация  Өнеркәсіп және озық технологиялар министрі, «Masdar» және «Эйдиэноуси»  компанияларының басшысы Сұлтан Ахмед Әл-Жабермен кездесті. Инвестор Жамбыл облысында салынатын қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысы таяу арада ресми түрде басталатынын жеткізді. Министрдің айтуынша, жоба бірлескен басқа да бастамаларды іске асыруға тың серпін береді.