Қазақстан гуманитарлық құқықты сақтауға шақырды
Қазақстан жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуын ескере отырып, халықаралық гуманитарлық құқық саласында мамандарды даярлауды күшейтуді ұсынды.
Бастама Женевада өткен халықаралық гуманитарлық құқық жөніндегі Жаһандық диалогта көтерілді. Жүзден астам елдің өкілдері қатысқан жиында қарулы қақтығыстар кезінде бейбіт тұрғындар мен аса маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғау мәселелері талқыланды.
Қазақстан – 2024 жылы Халықаралық Қызыл Крест комитетімен бірлесіп құрылған жаһандық бастаманың негізін қалаған алты мемлекеттің бірі. Еліміз гуманитарлық құқық нормаларының сақталуын қамтамасыз ететін ұлттық тетіктерді нығайтуды қолдайды. Женевадағы талқылаулардың қорытындысы 7 желтоқсанда Иорданияда өтетін «Соғыс кезіндегі адамгершілік» атты конференцияға негіз болмақ.
Мирас Дәуленов, Халықаралық құқық қауымдастығы қазақстандық бөлімшесінің президенті, Coventry Kazakhstan университетінің президенті:
- Мен университеттердің білім беру бағдарламаларына жаңа технологиялар мен халықаралық гуманитарлық құқықтың өзара байланысына арналған курстар енгізу туралы бастама көтердім. Бізге Швейцария мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Қазақстанды саяси мәлімдемелермен бірге нақты шаралар қабылдап жатқан мемлекет ретінде атап өткені ерекше маңызды. Біз гуманитарлық құқық саласында ғылыми зерттеулер жүргізу мен жаңа технологиялардың оған ықпалы туралы сөз қозғадық.